Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, Қазақстанда онлайн режімінде балалардың семіздігінің таралуы туралы зерттеу нәтижелерін ресми түрде ұсынды.
2020 жылы ҚДСҰО Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және БҰҰ Балалар қорының қолдауымен бастауыш сынып балалары арасында мультицентрлік зерттеу-ДДҰ (COSI, Childhood Obesity Surveillance Initiative) әдіснамасы бойынша балалардың семіздігіне эпидемиологиялық қадағалау жүргізді. Осы зерттеудің нәтижелері балалық шақтағы семіздікке эпидемиологиялық мониторинг жүргізу, 6-9 жас аралығындағы балалар арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуын бағалау, оны қалыптастыру факторлары және «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында семіздіктің алдын алу шараларының тиімділігін бағалау жүйесінің негізі болып саналады. Аталған зерттеулер COSI бойынша халықаралық есепке кіреді және Қазақстанда артық салмақ пен семіздіктің таралуына COSI жобасына қатысушы басқа елдермен салыстырмалы талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Іс-шара ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Қазақстандағы Балалар жылы және 2020 жылғы балалардың семіздігі мен артық салмағын, тамақтануы мен дене белсенділігін эпидемиологиялық қадағалау нәтижелерін көрсету мақсатында 4 наурызда атап өтілетін Дүниежүзілік семіздікке қарсы күрес күні аясында өтті. Сонымен қатар мектеп жасындағы балалар арасында дене салмағының және аз қимылды өмір салтының көбеюінің өсіп келе жатқан проблемасына қоғамның назарын аудару және дұрыс тамақтану мен қозғалыс белсенділігі саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын анықтау маңызды болды.
Сенат депутаты, медицина ғылымдарының докторы Ақмарал Әлназарова, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов, ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі Каролин Кларинваль, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дузен және т.б. құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шара барысында ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының м.а. Жанар Калмакова «COSI зерттеу нәтижелері бойынша бастауыш мектеп жасындағы балалардың тамақтану әдеттері, дене белсенділігі туралы негізгі тұжырымдар» презентациясын ұсынды.
«Сауалдамаға қатысқан мектептердің бестен бірінде қант, тұз немесе май мөлшері жоғары өнімдерді жарнамалау немесе маркетинг элементтері немесе теңгерімсіз тамақтанудың осы түрлерін іске асыратын брендтердің логотиптері бар. COSI зерттеуі баланың семіздігінің алдын алу бойынша басым шараларды әзірлеу үшін тамақтану әдеті, физикалық белсенділік, отбасылық және мектеп ортасы сияқты мінез-құлық және қоршаған орта факторлары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді», деді ол.
«Семіздік, оның ішінде балалардың семіздігі, жүрек-қан тамырлары аурулары, 2-типті қант диабеті, қатерлі ісік сияқты ИЕА дамуының негізгі қауіп факторы ретінде, елдің ұлттық экономикасына айтарлықтай ауыртпалық түсіре отырып, Қазақстанда даму мен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өсіп келе жатқан проблема болып саналады. Осы бағытта атқарылған жұмыстар бастауыш мектеп жасындағы балалардың антропометриялық сипаттамалары, олардың тамақтану әдеттері, дене белсенділігі, отырықшы өмір салты, жалпы мектептердің денсаулықты нығайтуға қатысты саясаты туралы мәліметтер алуға мүмкіндік берді», деп атап өтті Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова.
Өз кезегінде ДДҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінің басшысы, доктор Каролин Кларинваль: «Балалар арасындағы артық салмақ пен семіздік – ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі негізгі проблемалардың бірі. Әр түрлі елдердегі COSI зерттеулері көрсеткендей, аймақта ұлдардың 28,7%-ы және қыздардың 26,5%-ы артық салмақ немесе семіздікке шалдыққан. Балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуын бақылау деректері тиімді саясат пен стратегияны жасау үшін өте маңызды», деді.
ҚДСҰО Ғылым және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Әбдірахманова өз сөзінде Ұлттық іріктемеге 14 облыстан және Республикалық маңызы бар 3 қаладан – 81 қалалық және 72 ауылдық мектептерден 153 мектеп енгізілгенін атап өтті. Нәтижесінде, ұлттық іріктеудегі оқушылар саны 6 851 баланы құрады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, 6-9 жастағы балалардың 20,6%-ында артық дене салмағы бар (семіздікті қосқанда), (17,6% қыздарға қарағанда ұлдар – 23,6%), ал балалардың 6,6%-ында семіздік бар (4,6% қыздарға қарағанда ұлдар – 8,7%).
Сонымен қатар «Қазақстандағы балалардың семіздігі бойынша жұмыстың тәжірибелік аспектілері» тақырыбында ДСМ штаттан тыс бас эндокринологі Жанай Ақанов, «Балалар арасындағы артық салмақ пен семіздіктің алдын алу бойынша ұлттық стратегия» тақырыбында ЮНИСЕФ денсаулық сақтау бағдарламасының үйлестірушісі Бауыржан Жүсіпов, «Тұз, қант және басқа да өнімдерді тұтыну деңгейін төмендету мақсатында азық-түлік өнімдерін таңбалау үшін тағамдық денсаулық индексінің технологиясы» тақырыбына «Салауатты тамақтану ұлттық орталығы» ҚБ атқарушы директоры Ақкүміс Салханова және «Балаларды дамыту үшін салауатты орта – қоғамда дұрыс тамақтану мен дене белсенділігін ілгерілету шаралары» жөнінде ДДҰ-ның Инфекциялық емес аурулардың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі Еуропалық кеңсесінің тамақтану жөніндегі техникалық маманы Julianne Williams баяндама жасады.
Конференцияға 100-ден астам адам, оның ішінде ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің басшылары, БҒМ Денсаулыққа ықпал ететін мектептердің ұлттық өңірлік үйлестірушілері, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, орынбасарлары, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Салауатты тамақтану ұлттық орталығы» ҚБ және т.б. қатысты.
Зерттеу нәтижелері бойынша ұлттық есеппен және бюллетеньдермен ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сайтынан таныса аласыз.