Әрбір саяси ұйымның ұйытқысы да, негізі де, даму үдерісін реттеуші күш те – халық. Бірақ қоғам өрісінің аса шетін ахуалына, әлеуметтік сын-қатерлерге дер кезінде жауап бере алмауы немесе партия басқару құрылымдарының әркелкі жұрт сұранымынан жырақтауы қоғамдық-саяси ұйымдарды тығырыққа тірейтіні де белгілі.
Біз қаңтар қасіреті тұсындағы және одан кейінгі Nur Otan басындағы жағдайды, оның тоған-тіршілікті қаламай, жандану бағытын ұстағанын әлі көп талқылайтын боламыз. Алайда ол – тарих пен қоғамтанудың еншісі.
Сонымен, партия атауы Amanat болып өзгерді. Қоғамды да, әлемді де дүр сілкіндірмей, кеуде қақпай осылай жаңғырды. Қазір мұны «ребрендинг» дейтіні көзі ашық азаматтың бәріне де белгілі. Жақсы атаумен жаңарғанында да ізгі ниет, ізашар жоспар-жоба бар.
Аманат – елдік және мемлекетшілдік дәстүрге адалдық. Аманат – баяндылықтың жалғасы. Аманат – әділеттілік, сабақтастық, өрлеу жолы. Аманат – сөз бен істің бірлігі. Аманат – отбасынан бастап асқақ Отанға дейінгі құндылықтар жүйесіне жауапкершілік.
1 наурыздағы съезде Президент Қ.Тоқаевтың: «Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек» деген тұжырымы сол елдіктің негізін аңғартады.
Әлбетте, жақсы атаумен елдік жұмыс біте салмайды. Күлтегінше толғағанда, «күндіз отырмау, түнде ұйықтамау, қара терді төгу, елді қорғау» – парыз. Енді бұрынғыдай «мата даңқымен бөз өтпейді». Шенеунік болдым деп шіренбей, депутат болдым деп тіренбей, жерге түсіп, халық арасында жұрт мүддесін сезініп, тіпті қара жұмысын бөлісіп, тер төгу қажет. Ел аманаты – осы. Мемлекет басшысының ойы да осы өреде деп ұқтық.
Жаңару яки модернизациядағы ең басты мақсат не? Мақсат – Amanat партиясын халық үніне құлақ асатын және әрбір күрделі жағдайды жұртпен бірлесіп талдап, содан оң нәтиже шығаратын саяси күшке айналдыру.
Әлеуметтік қайшылықты қолдан жасау, қоғам игілігін яки әл-ауқат қорын тең бөліспеу – міне, қайшылықтың көзі де, өзі де.
Арғы-бергі дәуірдің бар жақсылығын бойына жинаған ақын, дана, әлеуметшіл тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:
Жақсылар қорғасындай ауыр болар,
Көзі – соқыр, құлағы тәуір болар.
Жарлының жаздай мінген шолағындай,
Аяғы ақсақ, арқасы жауыр болар, – дейді. Бұл жерде «көзі соқыр» дегенді тура мағынасында түсінбеу керек. Айналада неше түрлі қиындық, сан қилы жамандық жүріп жатады. Адам соны сырттай бақыламай, ішкі мәнін, себебін білуге ұмтылғаны абзал. Бірінші «тыңдап ал» дейді. Яки көңіл мен сезім көзінің соқыр болмауы мақұл. Ақын тек еңбек қана адамды «жақсы» деген дәрежеге көтеретінін өсиет етеді.
Қазір біздің қалпы алуан-алуан қоғам еңбектен, маңдай терден «аяғы ақсақ, арқасы жауыр болуды» – кемшілік, қорлық санап жүр. Сондықтан да ауылда төрт түлікті жаятын, сай-саладағы шөпті оратын адам жоқ. Мал терісі мен жүні қоқыста шашылып жатыр. Ал қалада (кешіріңіздер) артымызды жинамаймыз, кеше жөнделген аула, саябақ бір жыл өтпей жау шапқандай бұзылады. Бір тұрғын үй кешенінде тұратын азаматтар бір-бірімен араласпайды. Ағайындықтан – ада, елдіктен – күде.
Ұлтымыздың тағы да бір әлеуметтік қуаты айқын тамаша ата сөзі бар:
Қаланған кірпіш – кәдеге асқаны,
Қадалған шеге – орнын тапқаны,
Жігіттің халыққа жаққаны – шырақ жаққаны!
Міне, жаңғырған Amanat жұмысының негізгі қағидаты осындай болу керек. Азаматтар өз қызмет орнында, отбасында, ортасында, әріптестер мен ағайын-көрші аумағында жақсылықтың, іскерліктің, сенімнің, жауапкершіліктің шырағын жағып жүрсе, қоғам жарық болмай ма!
Әрине, Amanat кешікпей жаңа бағдарлама қабылдайды деп ойлаймыз. Бұл құжатта жаңаруға ұмтылған Қазақстан мен партия трансформациясы арасындағы үйлесімді іс-қимыл жоспары көрініс табуға тиіс. Сондай-ақ партияның, Еуропаша айтқанда, дебюрократизация, децентрализация яғни бастықшылдықтан, әсіребилікшілдіктен арылу үдерісі жүруі қажет. Сонымен бірге атқарушы биліктің түрлі баспалдағындағы әкімдерді сайлау, парламент пен мәслихаттардағы партия фракциясы жұмысының диалог пен шынайы пікірталасқа құрылуы, мемлекеттік және елдік (қоғамдық) қызметтерге абыройы таза және білікті азаматтарды тарту, т.б. жұмыстар тездетіп атқарылады және бұл қалыпты жағдайға айналады деп сенеміз.
Өзіміз жоғары білім саласында жүргендіктен, бірауыз сөз оқу саласы мен қоғам парасатына қатысты айта кеткіміз келеді. Қазір әлеуметтік әділеттілікті заңмен, біліммен емес, айқаймен һәм «бетті жыртып, тұмсықты бұзып» немесе сұраншақтап алу деген ғадет пайда болды. Сонда халыққа ортақ несібеге «басқада жұмысым жоқ, тек маған тисін» деп өзімшілдікпен қарау әлеуметтік әділеттік пе? Бүгінгі білім саласының және қоғамның ең зор міндеті – мәдениетті, парасатты, білікті ата-ана қалыптастыру. Бұл болмаған жерде іс те өнбейді, жас ұрпақ та адасады.
Біз жоғарыда халық, жұрт, әлеумет деген ұғымдарды айттық. Бұл үшеуі де мемлекеттің, елдің ұстыны. Үшеуі тоғысып, бір мәнге сыятын жері де бар. Бөлек-бөлек мағына беретін тұсы да бар. Халықты қорғап-қолдау, жұртты еңбекке жігерлендіру, әлеуметті мемлекетшілдік мүддеге біріктіру – сіз бен бізге аманат!
Жақында Алаш тұлғасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтой жылы елордада айрықша ғылыми форуммен ашылды. Бұл да рухани аманат.
Сол Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлы: «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» депті. Ендеше жұрт қамын жеп, жұрт ісін абыройымен жүзеге асыруда баршаңызға Жаратқан иеміз ынсап, ынтымақ, ыждағат берсін!
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
проректоры, академик