Президент Қ.Тоқаев еліміздегі жетекші саяси партияның кезектен тыс съезінде ұйымның атауын Amanat деп ауыстыру туралы: «Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», дей келіп, «Аманат» сөзіне байланысты өте кең талғамды пікір айтады.
Amanat атауы партиямызға келелі міндеттер жүктейтін болса, соның бірі де, бірегейі атадан балаға мирас болып келе жатқан ерекше қасиеттердің бірі имандылық дер едім. Иманы бар азаматтардан еш уақытта жаманшылық шықпайды. Аманатқа қиянат жасамайтындар да осылар. Оның ішінде тіліміз, дініміз бен ділімізге қатысты маңызды мәселелер тағы бар. Олай болса, Amanat партиясы жастарымызды имандылық пен отансүйгіштік қасиетке, адамдар арасындағы сыйластық пен ынтымақ-бірлікті сақтауға, жауапкершілікке тәрбиелеу бағытын ұстануға тиіс.
Партия ұрпақ тәрбиесіне қатысты ұлттық құндылықтарымызды кеңінен дәріптеп, ана тілімізге деген жанашырлығымызды арттырып, қанымызға сіңген қазақы сән-салтанатымызды берік ұстап, оны жандандыра түсуге баса көңіл аударуы керек. Дәстүрлі өнерімізді кеңінен қалыптастырып, оны өскелең жас ұрпақтың бойына терең сіңіре білгенде ғана біз қазақы қалпымызды кейінгілерге аманат етіп қалдыра аламыз. Президентіміз айтып отырған ұрпақ жалғастығы деген міне осы.
Бүгінгі Жаңа Қазақстанның алдында тұрған биік міндеттердің бірі – халықты тіл шұбарлығынан барынша тазартып отыру десем артық болмас. Айта кету керек, сырлы сазымыз бен әуезді әуеніміз де бұрмаланып барады. Дәстүрлі әсем әндеріміз бен тәтті күйлеріміз өте сирек орындалады. Ал даңғаза-дарақы, жанға жағымсыз, мазмұн-мағынадан жұрдай желөкпе әндер кеңінен өріс алып, қазаққа тән байлсалдығымыз көрер көзге жоғалып барады. Киім кию мәдениетіміз өзгеріп, имандылық әдебін сақтамайтын болдық. Қыздардан қытық, әдептілік пен ибалық қасиет кетіп барады.
Қысқасы, Қазақстанның жаңғыруы – ол бірінші кезекте өзіміздің байырғы ұлттық нақышымызды сақтап қалудан тұратынын ұмытпағанымыз жөн. Міне, осы және өзге де өзекті мәселелерді жүзеге асыруды қолға алса, бабалар аманатына адалдық танытуды Amanat партиясы өзінің басты міндеті етіп алса, онда ол қазақ халқының шынайы қолдауы ие бола алады.
Серікбай ТҰРЖАН,
Бәйдібек ауданының құрметті азаматы
Түркістан облысы