• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Наурыз, 2022

Қазақы қалып

335 рет
көрсетілді

Қонаев көшесінің бойымен Сыртқы істер министрлігіне қарай келе жатыр едік. Түс ауған уақыт болатын. Түркістан көшесіндегі бағдаршамнан қызын әлде келінін қолтықтаған үлкен апа өтіп бара жатты. Өзі қымбат тон киген. Бас киімі де қала әйелдерінің үлгісінде. Ауылда емес, қалада тұратыны көзге анық байқалады. Жас келіншек аяғын жылдам басып алдымыздан кесіп өтті. Апа орнында қаққан қазықтай тұрып қалды. Оны көріп біз де кілт тоқтадық. Біздің жол беріп тұрғанымызды көрген кейуана түрін бірден жиып алды. Сонан соң қолымен «өт» дегендей бұйыра нұсқау берді.

– Рақмет, апа, – деген күйі жүгі­ріп өттік. Апа сосын барып орнынан қозғалып, жүрісін әрі қарай жалғастырды.

Миллион адам тұратын мегаполисте бізді танымайтын, білмейтін, өмірінде көрмеген, тіршілікте біздей адамның барынан тіпті бейхабар, өзі қалада тұрса да қазақы қалыбын жоғалтпаған апаның алдымызды кесіп өтпей, «азамат қой» деп жол берген әрекетіне жүрегіміз жы­лып сала берді. Айтары жоқ, бұрын бастан кешпеген ерекше күй. Масаттану, марқаю болмаса өзіңнің еркек екеніңді сезіну емес. Құрметтің, ілтипаттың бөлекше бір түрі. Азамат атыңды асқақтатып қана қоймай, әйел атаулысының ал­дын­дағы жауапкершілігіңді арттыра түсетін ерекше қадам.

...Баяғыда-а-а, ауылда осы көрі­ніс жиі қайталанатын. Ақса­қал-қара­сақалдың алдын кесіп өткен әйел затын көрмеппіз. Үл­кен­дер түгілі, еркек санатына жататын балаларға да осындай құрмет көрсетілетін. Көшенің басынан тайға мініп келе жатсақ ақ жаулықты аналарымыз біздің өтіп кеткенімізді күтіп тұра­тын. Сарықарын жеңгелеріміз де осы жаңа түскен келіндей жол беретін. Сол сәтте жеңгелерімізге еркелеп, жүрісімізді баяулата түсіп, ырғалып-жырғалып жүретінбіз. Оны көрген жеңгеміз «Жүгермек, тез болсаңшы, адам өзі асығып тұрғанда» дейтін жалынғандай. Сол сәттегі сақ-сақ күлкің қандай?! Осының бәрін қалыпты дүние деп қабылдаппыз. Аса мән бермеппіз. Түбіне, тереңіне бой­лап қарамаппыз. Әлгі бала кезден көріп өскен тәрбиенің тамырын қалалы жерде кездестіргенде ерекше әсерленгеніміз де содан шығар.

Құндылықтар өзгерген, өзге өңге енген заман. Қалада қай әйел баласына жолымды кеспе дей аласың? Олай деуге хақың да жоқ. Саған қарап тұратын жұрттың уақыты да жоқ. Сондықтан қазақтың бұл дәстүрі осы апалармен бірге кететін шығар-ау.

Өткенде Ақтаудағы ма, әлде Жаңа­өзендегі ме бейбіт шеруде ел­дің бәрі газдың мәселесін айтып жатқанда бір жігіт микрофонды жұлып алып, «Қазіргі заманды бұрынғымен салыстыруға келмейді. Тіпті келіндер сәлем салмайтын болды» деді ғой. Сонда жұрт ду ете қалды. «Қоя тұр» деп. Негізі сол жігіттің сөзінде ақиқат та бар еді…

 

Ержан БАЙТІЛЕС