Қаңтар оқиғалары кезінде Алматыда шығынға батқан шағын және орта бизнес өкілдерінен түскен барлық өтінімдер 100% қамтылды және қаралды, деді Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Шағын және орта бизнеске келтірілген шығынды өтеу жөніндегі өңірлік комиссия өтініштерді қысқа мерзімде қарап, мемлекеттік қолдау көрсетіп, қала экономикасын қалпына келтіруді жеделдетті.
Еркебұлан Оразалин атап өткендей, Info Kazakhstan электронды платформасына 1188 кәсіпкерден 1355 өтінім келіп түскен.
Өңірлік комиссия отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 5 286 млн теңге болатын 1139 өтінім мақұлданса, оның ішінде бюджет қаражатынан 4 194 млн теңге сомасына 595 өтінім, «Жаңа Алатау» қоры қаржысынан 1 091 млн теңге сомасына тағы 544 өтінім қанағаттандырылады.
«Негізінен сауда және қызмет көрсету секторы зардап шекті. Өтінімдердің көпшілігі азық-түліктік емес тауарлар, аяқ киімдерді, киімдерді сатумен айналысатын кәсіпкерлерден, сондай-ақ тұрмыстық техника, зергерлік бұйымдарды сататын сауда-ойын-сауық орталығының аумағында орналасқан айырбастау пункттері мен дүкен иелерінен келіп түсті», деді Е. Оразалин.
Қалған 216 өтінім пысықтауға жіберілді. Өйткені оның 120-сының құжаттары түгел емес, 96-ы жеңілдетілген тетік аясында төлем сомасы бойынша келіспеуге байланысты сот сараптамасына жіберілді.
Зардап шеккен бизнесті толық қамту және қала экономикасын тезірек қалпына келтіру мақсатында Комиссия хатшылығы құжаттардың толық пакетін ұсыну бойынша көмек көрсету үшін Qoldaý кәсіпкерлік орталығының жанынан консультациялық штаб ашты.
Өтемақы әлі төленбеген, бірақ зардап шеккен кәсіпкерлер жұмыс күндері 9.00-ден 18.00-ге дейін мына мекенжай бойынша: Алматы қаласы, Байзақов көшесі, 303, 101 кабинетке кеңес алу үшін жүгіне алады.
Өңірлік комиссияның келесі отырыстары 2022 жылғы 12, 15 және 18 наурызға жоспарланған.
Брифингке Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов қатысып, зардап шеккен бизнесті қолдау үшін «Күш – бірлікте» қоры құрылғанын хабарлады. Комиссия шешімінен кейін Қор қаражаты сауда орындары тоналған және бұзылған Алматыдан және басқа өңірлерден келген кәсіпкерлерге бөлінеді.