• RUB:
    5.03
  • USD:
    492.22
  • EUR:
    529.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Наурыз, 2022

Қазақстан Қырғызстанға 1 000 тонна бидай жіберді

289 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында Қырғызстанға Қазақстаннан 1000 тонна отандық іріктелген бидай тұқымы түрінде ізгілік көмек жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жүкті тапсыру рәсімі «Бішкек-1» темір жол стансасында Қазақстанның Қырғызстандағы Елшісі Рәпіл Жошыбаев пен Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрі Аскарбек Джаныбековтың қатысуымен өтті.

Министр іріктелген бидай тұқымдарымен қамтамасыз етуде қолдау көрсеткені үшін Қазақстан тарапына шынайы ризашылығын білдірді және бұл ел фермерлер шығаратын өнімнің сапасы мен өнімділігінің өсуіне әсер етеді.

«Іріктелген тұқым түріндегі ізгілік көмек отандық тұқым сапасын арттырады. «Қарабалық-20» сортының қазақстандық тұқымдары себу стандартының бірінші санатына мынадай сорттық және себу сапасымен сәйкес келеді: ылғалдылығы – 14%-дан аспайды, өнгіштігі – 95%-дан кем емес, сорттық тазалығы – 99,7%-дан кем емес. Тұқымдар карантиндік арамшөптерден, аурулардан және кез келген бөтен иістерден тазартылған», деп атап өтті А.Джаныбеков.

Өз кезегінде Елші ізгілік жүкті жеткізуді Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен келіссөздерінің нәтижесімен берген тапсырмасына сәйкес ұйымдастырғанын атап өтті.

Қазақстан басшылығы Қырғызстанның өтініштеріне түсіністікпен қарап, маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге барынша ықпал етті және елеулі ізгілік көмек көрсетті.

Атап айтқанда, 2020 жылғы мамырда 5 мың тонна көлемінде қазақстандық ұнды жеткізу түрінде, ал бір жылдан кейін, 2021 жылдың мамыр айында 10 мың тонна ұн түрінде ізгілік көмек жіберілді.

Айта кетерлігі, іс-шара Наурыз мейрамы қарсаңында өтуде, ол халықтарымыз үшін әрдайым жаңарудың, алға жылжудың, өрлеу мен дамудың нышаны болып табылады.

«Қазақ қырғыз бір туған» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Бауырлас екі елдің ынтымағы одан әрі нығая беретініне сенімдімін», деп атап өтті Елші Р. Жошыбаев.

Соңғы жаңалықтар