• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Наурыз, 2022

Доллардың дүмпуі

357 рет
көрсетілді

Көктемнен хабар жеткен соң қа­быр­ғамызбен кеңесіп, үй іргесіндегі то­қым­дай жерге картоп, көкөніс егетін бо­лып келістік. Жылдағы тір­лік. Бұл жер – кішкентай атұс­тар­ларымызды еңбекке тәрбиелейтін орын. Су тасытамыз, арамшөбін жұл­ғызамыз, қол­дарына тырнауыш ұста­тып, жер тырмалатамыз. Том­паңдап жү­­ріп тап­сыр­ған ісіңізді тап-тұйнақтай етіп тынды­рады. Істегендері бізге, үйрен­гендері өзде­ріне жақсы.

«Балаларды әуреле­ген­ше, базардан сатып алмай­сыз ба?» дейді көр­ші­лері­міз. Сатып алуды біле­міз ғой, бірақ мы­на­лар­дың қар­ша­дайынан қара жұ­мыс­тың дәмін тат­қаны жақ­сы. Әйт­пе­се, өсе келе оқтау жұт­қандай бо­лып илікпей тұра­ды емес пе? Базарға бара­тын­дар бізсіз де жетеді. Қа­лада тұратын біз түгіл, ауыл­дағы ағайын иін тіресіп жүр.

Ауылда жер жетеді, көң деген нешеме жылдан бері үйіліп жатыр. Су екі бастан. Сөйте тұра бір тал қияр ексе ше?.. Көкөністі айтасыз, сарымайды қаладан сатып алады. Айтпақшы, көң демекші, бізге де алу керек екен ғой. Көп емес, жеңіл машинаның бір қорабы жетіп жатыр.

Қала шетіндегі саяжай­лар­ға кө­кейім­­ді көң тесіп бара қалмаймын ба, жыл­дағы көрініс сол қалпы екен. Жер те­лімін жыртып беретіндер, көң са­та­тындар иін тіресіп жүр. Біре­уінің жанына ат басын іріктік. Са­тарман мен аларман бірін-бірі жағадан алмақ болып жанығып тұр. Бақсақ, көң қымбаттап, баға тағы өзге­ріпті. Оқырманға түсінікті бол­­уы үшін сәл таратып айта ке­те­лік, облыс орталығының іргесінде тұ­ра­тын ауылдағы пысықтар жылда осы уақытта қала тұрғын­дарының сая­жайына көң та­сиды. Шамасы, та­быс­­­ты шаруа болса керек. Өйт­кені ауылдағы көң тегін, тек артуы мен жет­кізуі ғана.

– Былтырғы баға­дан бір жарым есе қымбат­та­тып­сыңдар, неге?! – дейді аларман.

– Доллар қымбаттап кетті ғой, – дейді сатарман.

– Сен сиырдың қиын дол­лар­ға сатып алып жатыр­сың ба?! – дейді аларман ал­қы­нып, – оған доллардың не қа­т­ысы бар?

Уәжден жеңілген сатарманда үн жоқ. Шынында да, «апам тойға бара­ды­ның...» кері.

 

КӨКШЕТАУ