Украинадағы гуманитарлық ахуал күрделі жағдайда. Әсіресе, қоршауда қалған Мариуполь қаласы мен Харьковта жағдай өте қиын. Сондай-ақ Украина сарбаздары елдің оңтүстігіндегі Волноваха кентін тастап кетуге шешім қабылдады. Қазіргі таңда онда Ресей әскері келіп кірген.
Ресей тарапы Киевті басып алуға барын салып жатыр. Қала маңындағы Бучанский, Боварский аудандарында және Ирпень қаласы маңында қатты қақтығыс болды. Сонымен қатар ресейлік сарбаздар Квитневое ауылындағы мұздатылған өнімдер тоңазытылған қоймаларды снарядпен атқылаған. Соның салдарынан қойма өртеніп кетті.
Пентагон келтірген деректерге сүйенсек, Ресей әскері Киевтен 15 шақырым жерде тұр. Украина тарапының пайымдауынша, Ресей Киевтің батыс және солтүстік жағына қарай өтіп, шаһарды қоршауға алуды жоспарлаған. Қазіргі таңда олар үлкен қалаларға басып кіруге жүрегі дауаламай тұр. Өйткені бұған дейін жасаған шабуылдары сәтсіздікке ұшырап, орасан шығынға ұшыраған еді. Сондықтан елді мекендерді артиллериямен атқылап, әбден қиратқысы келеді.
Ресейдің соғыс техникасын өзгерткенін Украина қарулы күштерінің өкілдері де айтып отыр. Олар демалыс күндері елдің солтүстігіндегі Чернигов және оңтүстігіндегі Николаев қалаларын «Смерч» көп реттік зымырандық жүйесі арқылы атқылаған.
Николаев облысы әкімі Виталий Ким телеграм каналында қалаға снаряд түскенін, бірнеше жер өртеніп, бірқатар инфрақұрылым қирап, екі адамның зардап шеккенін мәлімдеді. Сондай-ақ орыс солдаттары қалаға тікелей шабуыл жасауға талпынған. Алайда олар мінген танктер мен броньдалған көліктер минаға түсіп, шегінуіне тура келген көрінеді. Ресей әскері қоршауға алған Чернигов қаласының орталығындағы «Украина» қонақ үйі қираған.
Украина сыртқы істер министрлігі 12 наурызда Ресей әскері Мариупольдегі мешітті атқылады деп мәлімдеді. Мешітте 80-нен астам адам болған, арасында балалар да бар. Кейбірі – Түркия азаматтары. Министрлік адам шығыны бар ма, жоқ па, ол жағын айтпады.
БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссарының кеңсесі таратқан ақпаратқа қарағанда, кейінгі бірнеше күнде Харьков облысында 170 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Соның ішінде бес бала бар. Ал аталған мекеме жалпы әскери қақтығыс басталғалы 1 546 адамның зардап шеккенін хабарлады. Соның 564-і бақиға аттанған. Дегенмен Украина тарапы келтірген деректерге сүйенсек, қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны бұдан әлдеқайда көп. Қоршауда қалған Мариуполь қаласының өзінде қазіргі таңда мың жарымға жуық адам қайтыс болған.
Сенбі күні шетелдік журналистерге сұхбат берген Володимир Зеленский атыс басталғалы 1 300-ден астам украин сарбазы шейіт кеткенін мәлімдеді. Қаза тапқан орыс солдаттарының санында есеп жоқ. Украин тарапы олардың саны 12 мыңнан асып кеткенін айтады. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, Ресейдің өлген сарбаздарының саны жеті мыңға жуықтаған. Кремль қайтыс болғандар туралы жаңа мәлімет бермеді. Бұған дейін 500-ге жуық сарбазынан айырылғанын хабарлаған еді. Әйтсе де, Ресейдің түкпір-түкпірінде өлгендер туралы ақпарат көбейді.
Бұған дейін Украина мен Ресейдің делегациялары кездесіп, бірнеше рет келіссөз өткізгені белгілі. Соған сәйкес, атыс аймағында қалған өңірлерде гуманитарлық дәліздер ашылған. Бірақ жиі-жиі оқ жаудыру салдарынан атылған дәліздер толыққанды ашылмай тұр. Келісілген 14 гуманитарлық дәліздің 9-ы ғана қауіпсіз. Қалғанын ресейлік сарбаздар артиллериямен, минометпен атқылауда. Мәселен, сенбі күні Киев маңындағы осындай дәліздердің бірінде қарсы тарап эвакуациялық көліктерге өлім оғын себелеген. Салдарынан 7 тұрғын бақиға аттанды.
Украина сыртқы істер министрі Ресей тарапы Сириядағы әрекетіне ұқсас тактиканы қолданып жатқанын жеткізді. Дмитрий Кулеба Кремль билігі Чернобыль маңында логистикалық база жасауға бар күшін жұмсағанын хабарлады. Оның айтуынша, Ресей мен Украина тараптары өзара сөйлесіп, келіссөздер жүргізуге дайын екенін көрсеткен. Бірақ Ресей әлі де ақылға қонбайтын талаптарды алға тартып отыр.
«Украина келіссөздерге дайын, бірақ берілмейді», деді ол. Д.Кулеба Украинаға ықтимал әскери қылмыстарды тергеу және қудалауға көмек қажет екеніне екпін берді. Оның пайымдауынша, Украинаға көбірек ұшақ берілсе, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтауға мол мүмкіндік туатын еді. Бірақ Батыс елдері тікелей қақтығысқа әсер ететін көмек беруге асығар емес. Оның орнына санкциялық қадамды дұрыс көріп отыр. Алдағы бірнеше күнде Еуропалық одақ Ресейге қатысты жаңа шектеу құжатын әзірлемек. Осы орайда, Италия билігі Еуропалық одақтың санкциялары аясында ресейлік кәсіпкер Андрей Мельниченконың құны 530 миллион еуро құрайтын суперяхтасын тәркіледі. Миллиардер яхтасын басқа біреудің атына тіркемек болған. Алайда оның негізгі иесі кім екені анықталғаннан кейін Италия билігі оны кәмпескелеуге шешім қабылдады.
АҚШ президенті Джо Байден ресейлік гауһар тастарды, арақ пен теңіз өнімдерін әкелуге тыйым салатынын мәлімдеді. Ақ үй басшысының айтуынша, Ресей де америкалық сәнді тауарларды импорттауды тоқтатпақ. Сондай-ақ Ресейдің Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік банкпен байланысы үзілмек. Бұның тек энергетикаға ғана емес, экономиканың басқа салаларына да қатысы бар.
Жыл сайын ресейліктер АҚШ-тан жылына құны жарты миллиард долларға сағаттар, зергерлік бұйымдар, алкоголь, автокөліктер және сәнді электроника секілді өнімдер сатып алып келген. Енді оның бәріне тыйым салынады. «Біз Украина халқымен біргеміз. Біз империялық амбициясы бар автократтардың бүкіл әлемге дегенін істетуге жол бермейміз», деді Д.Байден.
Джо Байден Украинаға қару-жарақ пен басқа да көмек ретінде 200 миллион доллар беруді мақұлдады. Ақ үйдің хабарлауынша, бұл қаражат «Шетелдік көмек туралы» Заңы арқылы бөлінеді және Украинаның қорғанысына бағытталады. Осыған байланысты АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенге тапсырма берілген. Жаңа қаражат қару-жараққа, қорғаныс істері жөніндегі департамент қорындағы қорғаныс заттарына және әскери білім мен оқуға жұмсалуы мүмкін. Естеріңізде болса, бұған дейін АҚШ конгресі Украинаға төтенше көмек ретінде 13,6 миллиард доллар бөлуді мақұлдаған еді.
Тағы бір жанама шектеу Роман Абрамовичке қатысты. Ағылшын премьер-лигасы миллиардерді «Челсидің» директоры қызметінен шеттетті. Мұндай шешімге келуге өткен бейсенбіде Ұлыбритания үкіметінің Абрамовичке санкция салуы әсер еткен. Сондай-ақ «Челсиге» қатаң операциялық шектеулер енгізілді. «Ұлыбритания үкіметі санкция салған соң премьер-лиганың басқармасы Роман Абрамовичті «Челси» футбол клубының директоры қызметінен айырды. Басқарманың шешімі 2022 жылдың 31 мамырында аяқталатын үкімет берген лицензия шарттарына сәйкес клубтың жаттықтыру және ойын өткізу қабілетіне әсер етпейді», делінген премьер-лиганың мәлімдемесінде.
Бірқатар мемлекет басшысы Кремльге телефон шалып, Украинадағы атысты тоқтатуға шақырған. Мәселен, Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольц Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Рейтер агенттігінің мәліметіне сүйенсек, әңгіменің өзегі Украинадағы атысты дереу тоқтатуға арналған. Дегенмен екі елдің басшысы да В.Путиннің райынан қайтпай отырғанын жеткізген.
Украинадағы жағдай қалай өрбігеніне қарамастан, қақтығыс В.Путиннің күткеніндей болып жатқанын аңғару қиын емес. Мәселен, ресейлік сарбаздар соғыс тәсілін өзгертіп, енді үлкен қалаларды ауыр артиллериямен атқылай бастауы соны айғақтайды. Оған қоса, Владимир Путин Таяу Шығыстан Украинаға 16 мың ерікті әкелуге тапсырма берді. Ресей қауіпсіздік кеңесінің отырысында аталған елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу осындай ұсыныс барын атап өткен.
BBC арнасына сұхбат берген Conflict Intelligence Team зерттеу тобының негізін қалаушы Руслан Левиев Ресей тарапы үлкен қалалардың мэрлеріне шаһарды ұрыссыз беруге ұсыныс жасаған. «Бірақ әзірге бұл тактика да сәтті жүзеге асқан жоқ. Салыстырмалы түрде бірде-бір қаланың мэрі мұндай қадамға бармады. Мұның себебі түсінікті. Мэрлер мұндай қадамға барса да, қала тұрғындары мұнымен келіспейтіні анық», дейді Р.Левиев.