Ертеде Перғам патшалығын билеген екінші Аттал өзінің нөкерлеріне «Жер бетіндегі жұмақты табыңдар» деп пәрмен беріпті. Табанынан таусылған нөкерлер осы өлкеге келгенде тамылжыған табиғатқа таң-тамаша қалпында билеушінің дәргейіне келіп «Тақсыр, жердегі жұмақты таптық» дейді. Біздің заманымызға дейінгі 150 жылдары нөкерлерінің аузының суы құрып айтқан аймаққа келген екінші Атталдың өзі де жердің бедеріне көзі мен көңілі тойып, осы жерден қала салуға бұйырады. Аттал патша іргесін қалаған шаһардың атауы да Атталея аталады. Бүгінде қазақстандық туристердің жолы жиі түсетін курортты қала – Анталия атауының тарихы осылай басталған екен.
Туристері толастамайтын Түркия
Таяуда Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің шақыруымен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан журналистерімен бірге біз де Анадолы еліндегі туризмнің ірі орталығына айналған Анталияға сапар шектік. Қысты шығарып салған ақпан айының соңғы күнінде әлемдегі ең ірі гавандардың бірі саналатын Ыстанбұл әуежайына келіп түстік. Төрт жыл бұрын пайдалануға берілген бұл нысан Еуропадағы жолаушыларға жайлы аура сыйлайтын, жаңа технологиялармен жабдықталған, жылына 20 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсететін заманауи терминал. Біз де транзиттік бағытымызды тез тауып, әрі қарай Анталияға ұштық. Жолай бізбен бірге Анталияда өтетін каратэден әлем біріншілігіне қатысуға келе жатқан қазақстандық спортшы өрендерге жеңіс тіледік.
Turkish Airline әуе бортының әйнегінен қарап келеміз. Ұшақ қонуға бет алғанда төменнен ұшы-қиырсыз қаптаған жылыжайлар көрінді. Анталияның агломерациясымен қоса есептегенде қазір 2 млн-нан астам халық тұрады екен. Жыпырлаған жылыжай жергілікті жұрттың жұмысқа жақын екенін көрсетеді. Оның үстіне Жерорта теңізінің жағасындағы жылы климат та жылыжайда көкөніс өсіруге өте қолайлы. Қысы жылы жаңбырлы, жазы ұзақ. Қазақстандағыдай арнайы жылумен қамту жүйесінің қажеті жоқ. Шығыны аз, пайдасы мол. Жылына бірнеше тәулік қана жылытқыш қосады мұнда. Осының нәтижесі болар, ас мәзірінде ағзаға пайдалы көкөніс көп. Бұл солтүстік елдерден жөңкіліп келетін туристердің де көңілінен шығады. Турист демекші, Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің ақпараты бойынша былтыр бұл елге 15 млн-нан астам турист келсе, пандемияның алғашқы жылында 9 млн шамасында адам келген екен. Ал рекордтық көрсеткіш 2019 жылы тіркелген – 31 млн-нан астам турист келген. Ең көп келетін туристер бойынша алдыңғы қатарда Ресей, Германия, Украина, Болгария, Иран елдері аталады. Ішкі туризм де жаман емес, жылына 2 млн туристен асып жығылады. Түркияның барлық шаһары туристік тұрғыдан тартымды десек те, оның ішінде Анталияның үлесі жоғары. Өйткені Анталияда теңізге шомылып та, тарихи орындарды аралап та, сауда-саттық жасап та жан-жақты тынығып қайтуға молынан мүмкіндік бар. Сәйкесінше, қала экономикасы соған бейімделген – қызмет көрсету (қонақүй, мейрамхана), жеңіл өнеркәсіп (киім-кешек өндірісі, сауда-саттық) және ауыл шаруашылығы (жылыжай, плантация және т.б.). 2010 жылдардан бастап бұл қаланың қонақүйлері «бәрі қосылған» пакеті бойынша қызмет көрсете бастағаны белгілі. Бұл да рекреациялық құрылымды дамыта түсуге сеп болды.
Анталияның символы – апельсин. Көшеге көрік беріп көп өседі. Қала дәстүрлі «Алтын апельсин» кинофестивалін өткізеді. Тропикалық және субтропикалық белдеуге жататындықтан цитрустық жемістер мол. Қала маңында арнайы алқаптарда өсіреді. Сондай-ақ трамвай көлігі жүреді. Жол инфрақұрылымы жақсы дамығандықтан басқа жағажайларға автокөлікпен еркін қатынауға болады. Соңғы жылдары ТМД елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан көшіп келушілер көп болғандықтан орыс тілді балабақшалар мен мектептер де көптеп ашылған. Қалада 100 шаршы метрден асатын 3-4 бөлмелі пәтерлердің бағасы шамамен 60-70 мың доллар көлемінде саудаланады.
Көне Калейчи көшелері
Анталияға келген алғашқы күні көне Калейчи орталығының ескерткіштерімен таныстық. Б.з.д. 130 жылдары Перғам патшалығы құлаған соң біршама уақыт еркін өмір сүрген Атталея б.з.д. 77 жылдары теңіз қарақшыларының қолында да болады. Анталияны Рим империясының аумағына Рим қолбасшысы Сервили Исаврик қосады. Б.з.д. 130 жылдары император Адрианның арнайы келуінен соң қала көркейе бастайды. Шығыс Рим империясының кезеңінде түріктер жаулап алған соң да сол кезеңде епископтық орталық болған қаланың дамуы жалғаса берді. Бүгінде анталиялықтар осы көне шаһардың үстінде тұрады. Сол заманның куәсі болып Рим императоры Адрианның құрметіне салынған көне қаланың шығыс қақпасы сақталған. Осы қақпа салынған қорғанның қабырғаларымен жалғасатын көне құрылыстардың кей жерде тұтасымен сақталып қалуы сол дәуірдің салтанатын көз алдыңызға әкеледі. Ауыздығымен алысқан арғымақтар жегілген император арбасы қақпадан ағызып өте шығардай бір сезім билейді бойыңызды. Тіпті мұнда мәрмәр тастардан қаланған арбаның доңғалақтарына арналған тасжолы мен суағар арықтары да сақталған. Осы қақпадан көне Калейчидің тар көшелеріне енсеңіз, қайта жаңғыртылған ескі қаланың есті алар көркем бейнесімен таныса түсесіз. Көне үйлер әртүрлі антиквариат пен қолөнер бұйымдары, кәдесыйлар сататын сауда дүкендері мен дүңгіршектеріне, көше тағамдарын сататын дәмхана мен мейрамханаларға айналған. Мәселен, осы орталықтағы көне сәулеттік ескерткішті қайта жаңғыртқан «Адалия қирандылары» музей-отелі шетелдіктердің қызығушылығын тудырады. Калейчиге жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Рим империясы кезеңіне тән мозаикалы еден тақтатастарынан тұратын көшелер мен оған керісінше тығыздалған топырақ қабатынан тұратын көшелердің іздері табылған. Көне артефактілерден әртүрлі құс пен өсімдіктің бейнесін, геометриялық таңбалы өрнектерді көреміз. Сондай-ақ қола монеталар, қыштан, металдан, сүйектен, тастан, шыныдан жасалған әшекейлі бұйымдар, тұрмыстық заттар, сәулеттік ескерткіштер көптеп табылған. Бұл туралы ғылыми зерттеулермен Анталияның археология музейінде кеңінен танысуға болады. Анталия журналистер қауымдастығының штаб-пәтері де осы Калейчиде орналасқанын көзіміз шалып қалып, маңдайшасының алдында суретке түстік.
Жоғарыда айтқанымыздай, мұнда өркениеттердің түрлі тарихты бастан кешкенін аңдайсыз. Мәселен, көне антикалық ғибадатхананы византиялықтар Мәриям шіркеуіне айналдырса, ХV ғасырда II Баязит сұлтан Анталия аймағының билеушісі етіп тағайындаған Осман ханзадасы Қорқыт шахзада мешіт қылады. XIX ғасырда өрттен кейін мешіт мұнарасының төбесі құлап, қазір бұл «Кесік» («кесілген») мұнарасы деп аталады екен.
Калейчи қаласының маңайын қоршап тұрған бекініс қамалдарының да қалдығы жақсы сақталған. Бұл тұстан толқыны тулаған теңіздің көркем көрінісін тамашалауға болады. Кемежайдағы иін тірескен яхталар мен қайықтар – жаз бойғы туристердің көңіл қошы.
Сидеге сырлы саяхат
Келер күні Сидеге сапарладық. Бұл шаһар да Анталиядан алыс емес екен. Шамамен бір сағаттай жүріп жеткен соң сырлы қаланың сырына қанықтық. Қазіргі танымал курорттық қала да антикалық дәуірден қалған мұраларымен мақтанады. Б.з.д. VII ғасырда гректердің Анатолидегі отарының бірі болған. Сиде – жергілікті анатолиліктердің тілінен ана тілімізге анар (гранат) деп аударылады. Сондықтан қаланың символы – ежелден молшылықтың нышаны саналған аталған шырынды жеміс. Сидені отарлаушылар да жергілікті халықтың тілін қабылдаған. Б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырларға тән сиделік жазулар қазба жұмыстары кезінде табылды. Афины, Аполлон суреттерімен бірге анар жемісі де осы қалада соғылған күміс теңгелерде бейнеленген. Ескендір Зұлқарнайынға еш қарсылықсыз берілген бұл қала оның империясының теңгесін соғатын орталық болған, тіпті әскерінің бір бөлігі осында қалған. Көптеген мемлекет пен империя құрамында түрлі өрлеу мен күйреуді бастан кешкен қала антикалық кезеңде ірі қаржылық, мәдени орталыққа айналса, Византия кезеңінде шағын елді мекен ретінде белгілі болған. IV ғасырда бұрын Афиныға, Аполлонға, Афродитаға, Ареске, Диониске, т.б. табынып келген сиделіктер христиандықты қабылдап, шығыспамфилиялық епархияның орталығы да болады. Ал араб географы әл-Ыдырыси 1150 жылы Сиденің тіпті адам тұрмайтын өртенген қала екенін, тұрғындары екі күндік жердегі Атталеяға көшуге мәжбүр болғанын жазады. XII ғасырда толығымен тастанды қалаға, бірнеше жер сілкінісінен соң қирандыға айналады. Крестшілердің Кадмедегі күйреуінен соң Памфилиямен бірге Сиде де селжұқтардың билігіне көшеді. 1391 жылы Османдар жаулап алған соң бұл өңір XIX ғасырдың басына дейін мүлдем игерусіз қалған екен. Сол кездегі саяхатшылар бұл жерді «аруақтар мекені» деп те атаған.
Бүгінде түбекті толтырып отырған түріктердің тарихи ескерткіштерге жіті қарайтынына Сидеге саяхат барысында көз жеткіздік. Көне қала теңіз жақтан да, құрлық жақтан да қауіпті болғандықтан айналдыра бекініспен қоршалған. Оның қабырғалары мен мұнаралары түрлі дәрежеде қираса да бүгінге дейін жақсы сақталған. Әлі күнге археологиялық зерттеулер толастаған жоқ. Біз қирандыларының өзінен сәулеті андағайлап тұрған осы арадағы көне үш қабатты субұрқақ пен тастан қаланған сауда дүкендерінің жарым-жартылай сақталған орындарын, колонналардан құралған салтанатты алаңдары мен сауда-саттық өтетін базар аумағын, қазіргі уақытта музейге айналдырылған қоғамдық моншасын және Түркия жеріндегі ең ірі Рим амфитеатрын аралап көрдік. 1800 жыл бұрын салынған бұл театрға 20 мыңнан астам адам сыйған екен. Онда сиделіктер гладиаторлар шайқасы мен театрландырылған қойылымдарды тамашалаған. Ал жағалауда Аполлон ғибадатханасының бірнеше ірі колонналары мен шатырының қасбеті өзінің ертедегі қайталанбас озық сәулетімен тарих тұңғиығына жетелейді. Сидеде сонымен бірге сол уақыттағы жерлеу ғұрпын куәландыратын храм пішіміндегі және қарапайым саркофагтардың үлкен шоғыры жинақталған. Ірі колонналар мен басқа да бөлшектері сынықтарының біршамасы жинақталса да, теңіз табанында жатқандары да жетерлік.
Гүлдер шаһары
Үшінші күні теңіз жағасын артқа тастап, тауға қарай бет алдық. Бағытымыз – Ыспарта қаласы. Бұл – Жерорта теңізінің түрік жағалауы жағында доғаша иіліп жатқан Тавр жотасының төсінде орналасқан таулы қала. 450 мыңнан астам халық тұрады. Таудың рельефі өте әдемі. Табиғи бедері біздің Алматыға ұқсайды. Жолда Карачаорен су қоймасының жағалауына тоқтадық. Бұл да балық аулау мен табиғат аясына сейілдеуге таптырмайтын тау қойнауындағы көркем мүйіс. Ақсу өзенін бөгеп салған су қоймасында суэлектрстансасы қуат өндіреді.
Ыспартада теңіз жағасындай емес, күн райы салқын екен. Ал қаланы қақ жарып өтіп, жоғары қарай өрлегенде алдымыздан жапалақтап жауған қар қарсы алды. Міне, табиғаттың құдіреті! Төменде теңізге шомыласыз, ал тауда шаңғы тебесіз. Иә, біз барған Давраз тау шаңғысы орталығы Анталиядан 150 шақырым, Ыспартадан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Теңіз деңгейінен 2 600 метр биіктіктегі шаңғы кешені 16 жыл бұрын ашылған. 2014 жылғы қысқы Олимпиадаға үміткерлердің бірі болғанын да айта кетелік. Мұнда барлығы 9 трасса қызмет көрсетеді (қызыл жолақты – 2, көк жолақты – 1, қара жолақты – 2, жасыл жолақты – 4). Жалпы ұзындығы 3 700 метр. Жоғарыға көтергіштері сағатына 1 мың адамға дейін жеткізу қабілетіне ие. Шаңғы, сноуборд мектебінің нұсқаушылары тау спортына үйретеді. Әсіресе, қаңтар мен ақпан айларында келушілер көп болады екен. Сол уақытта Түркия оқушылары қысқы каникулдарын осы кешенде өткізіп, саламатты өмір салтын серік етуді дәстүрге айналдырып келеді. Бірнеше қонақүйі мен дәмханалары да бар.
Ал сәуір туа бұл жердің табиғаты мың түрленіп, тау туризміне ден қоюшыларды өзіне тартып тұрады.
Жалпы, Ыспарта қаласын гүлдер шаһары деп атайды. Себебі, мұнда Ыспарта раушаны мен лаванда гүлдерін арнайы таулы алқаптарда өсіреді. Аталған гүлдердің қауызын жинап, түрлі косметикалық, гигиеналық тауарлар өндіреді. Мәселен, 5 тонна раушан гүлінен 1 литр ғана раушан гүлінің сығындысы алынады. Ал оның бағасы нарықта 7 мың еуроға бағаланады. Қаланың символына баланатын бұл гүлдерді Ыспартаның кез келген дүкенінен түрлі тауар немесе қызмет күйінде кездестіресіз. Айталық, спа-салонда осы гүлдерден жасалған косметикамен бет әлпетіңізді жасартатын массаж жасаса, дүкендерде түрлі иіссуынан бастап, кремдері, сабындары, сусабындары мен санитайзерлеріне дейін самсап тізіліп тұр. Тіпті түрік тәттісіне баланатын лукумға тапсырыс берсеңіз де аталған гүлдердің дәмімен дайындалады. Лукумның дайындалу барысын біз жергілікті лукумшы кәсіпкердің цехынан да көрдік. «Лукум» деген араб тілінен аударғанда, «таңдайдың рахаты» деген мағынаны береді. Расында, бұл күнде ұлттық ас мәзірін жан-жақты жетілдірген түрік ағайынның лукумды да әспеттеп әртүрлі дәммен дайындайтынын жүрген жеріміздің бәрінде байқадық. Сондай-ақ Ыспарталық әйелдер жаппай жергілікті кілем фабрикасында еңбек етеді. Бұл жөнінде Ыспарта қаласының этнографиялық музейінен толық мағлұмат алуға болады. Оны кілемдер музейі деп те атайды.
Эгирдир көлі – түрік Мальдиві
Төртінші күнгі сапарымыз Спартаға жақын орналасқан Эгирдир шәрінде жалғасты. Бұл кент Эгирдир көлінің жағалауында орналасқан. Теңіз деңгейінен 924 метр биікте орналасқан бұл көл көлемі бойынша Түркиядағы төртінші, тұщылығы бойынша екінші көл саналады. Өте ғажап мөлдірлігінен де болар, бұл аумақты түрік жеріндегі Мальдив аралдары деп те айтатындар бар. Арал демекші, аталған аудан көлді екіге бөліп жатқан түбекшеде орналасқан. Мұнда ертедегі гректердің тас пен ағаштан қалаған қоныстары да көп. Әдетте, ТМД елдерінен келетін туристер бұл жаққа аяқ баса бермейтіндіктен аталған ауданның сұлулығынан көпшілік әлі де бейхабар. Бұл мекен әсіресе жазда кіршіксіз табиғатымен баурайтын көрінеді. Біз барғандағы қар жамылған қысқы көрінісінің өзі мөлдір де асқақ, көркем көріністерге толы болды.
Эгирдир алмасының даңқы Алматы апортындай алысқа кеткен. Алайда Алматыда апорт қалмаса, Эгирдирде алма плантациялары алдыңыздан кезек-кезегімен шығады да отырады. Мұнда алманың шырынынан бөлек, иіссуынан санитайзеріне дейін, тіпті қытырлаған қаққа дейін өндіреді.
Қаланың пайда болуы 1200 жылдарғы хеттер тарихынан басталады. Лидиялықтардың кезеңінде Эфестен Бабылға баратын патша жолы бойында болуымен мәлім болған. XIII ғасырда Конияға орналасқан селжұқтардың қарауына өткен.
Қаланың ішінде ескіден қалған көз тартар дүниенің бірі – бекініс. Бұл бекініс византиялықтар кезеңінен қалған ескерткіштердің бірі саналады. Алайда селжұқтармен қақтығыс кезінде қатты бүлінген. Десе де қазіргі жұрнағының өзі бекіністің қандай қуатты болғанын айғақтайды. Бекіністің жанында тұрақты түрде қалалық муниципалитеттің азық-түлік жәрмеңкесі өтіп тұрады. Сондай-ақ қалада Осман империясының кезеңіне тән Қызыр бей мешітін аралап көрдік. 1237 жылы салынған бұл мешіт те Меккеге барар жолда орналасқандықтан қажылық сапардағы көпшілік мұсылмандардың тоқтайтын орны болған. 1814 жылы өртеніп кеткен соң, 1883 жылы қалпына келтірілген. Ең назар аударарлығы, мешіттің колонналары қарағай ағаштарынан қойылған. Құшағыңыз жетпейтін жуан діңгектерден гүлдердің жұпар иісі аңқып тұр. Яғни ағаштар қаңсып кетпеуі үшін жергілікті гүлдердің майымен тұрақты түрде майлап тұрады. Мешіт ғимараты Дундар бей медресесімен жалғасып жатыр. Бұл медресенің де тарихы мешітпен бірге басталады. Бастапқыда қонақүй болған екен. 1301 жылы медресе ретінде қайта құрылған. Екіқабатты ауладағы бөлмелердің есігі өте төмен жасалған. Бұл медресе оқушыларының Хақ ілімін алуға ұстаз алдына иіліп құрмет көрсетіп кіруі мақсатында жасалған екен. Орталық алаңда оқудан босаған мезетте оқушылардың жиналып отыратын ортақ сәкілері бар. Тастан қаланған көне медреседе қазір жергілікті халықтың қолөнер бұйымдары, сирек кітаптар мен діни әдебиеттер сатылады. Сондай-ақ қалада мешіттерден бөлек көне шіркеу, хамам, керуенсарай сықылды ескі құрылыстар да сақталған. Мұның бәрі Эгирдирдің туристік әлеуеті әлі алда екенін көрсетеді.
Бір байқағанымыз, біздің жолбасшымыз болған Беркан бей Ташан түрік тарихын ынты-шынтысымен әңгімелейді. Көне ғасырлардан бастап, осынау көз тойдырар көркем жерлердің әрбірі түрік халқына қандай жаугершік жорықтармен келгенін тарихи деректерді жаңылмай жеткізеді. Бүгінгі тұрмыс-тіршілігімен де жетік таныстырады. Бұл қасиет әрбір түрік азаматында кездесетініне күмән жоқ. Себебі олар қолда бар барлық дүниесін ұқсатып отыр, яғни көк теңізден көк аспандағы ай мен жұлдызға дейінгі Анадолы жұртымен шын мәнінде мақтанады.
Нұр-Сұлтан – Анталия – Ыспарта