Қазақстан мен Словакия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Братиславаға жұмыс сапарымен барды.
Іс сапар шеңберінде Словакияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Иван Корчокпен, Ұлттық кеңес төрағасының орынбасары Юрай Бланармен және Ұлттық кеңестің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мариан Керимен, Словакия президентінің Сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Яна Кобзовамен, Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің (СЕІМ) ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша бұрынғы арнайы өкілі Петер Бурианмен, сондай-ақ Словак экспорттаушылары кеңесінің (СЭК) төрағасы Лукаш Паризекпен және көптеген іскерлік топтар өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Р.Василенко Қазақстандағы жағдай, қаңтардағы қайғылы оқиғалар бойынша тергеу барысы, адам құқықтарын сақтау жөніндегі мемлекеттің кешенді шаралары, ұлттық және халықаралық құқық қорғау, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру бағытына сәйкес жүргізіліп жатқан және жоспарланған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті.
Одан бөлек кездесуде Украинадағы жағдай, халықаралық қоғамдастықтың соғыс қимылдарын тоқтату және гуманитарлық көмек көрсету мәселесі талқыланды. Р.Василенко еліміздің БҰҰ Жарғысына сәйкес Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу қажеттілігін, делдалдық қызметтер арқылы дипломатиялық жолмен шешуге жәрдемдесуге дайындығы туралы ұстанымын жеткізді.
Словакия Ұлттық кеңесінің басшылығымен кездесу барысында қазіргі саясаттағы парламенттік дипломатияның рөлі арта түскені атап өтілді және екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарлары белгіленді. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылай отырып, тараптар пандемияға қарамастан Қазақстан мен Словакия арасындағы тауар айналымының көлемі 2021 жылы 84 млн долларға жеткенін, яғни 2020 жылғы көрсеткіштен 21%-ға жоғары екенін атап өтті.
Сонымен қатар Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Словакия үкіметаралық комиссиясының 9-ншы отырысы шеңберінде Қазақстанның Инвестициялар комитеті мен Қазақстан нарығына шығуға мүдделі Heneken металлургиялық және сауда компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюмен жалғасқан, екі елдің іскерлік топтар өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтті.