• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 14 Наурыз, 2022

Ауыл шетіндегі үй

1226 рет
көрсетілді

Өмірден ерте өткен талантты жазушы Жақсылық Түменбаев осы повесімен әдебиет есігін еркін ашып, оқырмандарының ықыласына бөленді. Бұл шы­ғармада қазақ ауылының бейнесі, сонда өмір сүрген адамдардың тағдыры, мінез-құлқы, пейілі, жалпы, сол кездегі қоғам қайшы­лығы айшықты суреттелген. Осы жайында сыршыл сурет­кер Сафуан Шәймерденов «Тас­жарған немесе екі туынды» атты мақаласында: «Мен Жақсылық Түменбаевтың «Жұлдыз» журналында басылған «Ауыл шетіндегі үй» повесін бұрын да оқыған едім. Ол повестің ұнағаны соншалық, газет, журнал беттерінен осы авторды әманда іздеп жүретінді шығарғанмын» деп жазады.

Ауыл шетіндегі үйдің иесі – Омарғали. Автор оны былай суреттейді: «Омарғалидың жас кезінен бері сүйегіне сіңген әде­ті боз ала таңнан тұрады. Мұны­сына жұрт бір кезде сүйсінетін: «Ерте тұрған жігіттің ырысы ар­тық емес пе?» Қазір күледі: «Осы­ның не шаруасы қалып барады екен», – деп. Бірақ оның ерте тұрғанынан әзір зиян көрген ешкім жоқ» дейді. Сондай-ақ қаламгер оның таң алагеуімнен тұрғандағы бірінші жұмысы – құдық басында тұрып қалған малдарды суару екендігін айтады. Осыдан-ақ кейіпкердің барлық болмысын біліп, оның жанкешті, еңбекқор адам екенін жақын тани түсесіз.

«Омарғали – қазір кемтар кісі. Оң аяғын сүйретіп басады, оң қолы жансыз бос салбырап, бұйдасын шұбатқан түйеше бір қырымен жүреді. Сонысына қара­май ол артынан біреу қуып келе жатқандай ылғи асығыс, істеген ісінің бәрі тез. Оның қауға тарт­қанын көрсеңіз: қауғаны құдыққа сау қолымен салады, сосын жұл­қи бір тартып, оң қолтығына қы­сып алады да, екінші тартқанда шелекті науаға төңкереді» дейді жазушы.

Енді жас күнінде ел ісіне араласып, Батпақты ауылының іргесін қалаған атпал азаматтың соғыс салдарынан мүгедек болып қалғандығына жаныңыз ауы­­рады. Оның қазіргі кемтар күйі­не қатарластары түгілі кем­­пірі, кезінде ауыл-аймаққа «паң келін» атанған Қымбаттың өзі мүсіркеп қарайды. Соның бір ауыз зілді сөзі Омарғалиды қа­ра­лай састырады. Тек әкесіне жалғыз қызы ғана шыр-пыр болып жүреді. Шығарманы оқып отырып, біресе мұңайып, біресе қуанып, әрі-сәрі күй кешесіз. Жа­­з­у­шы шеберлігі деген осы болар.

Повестегі Омарғали қарттың адалдығы мен намысқойлығы, өмірінің жарық сәулесі – жал­ғыз қызына деген махабба­ты нә­зік сезімталдықпен бей­­не­­­лен­­ген. Енді шығарма соңын­­да­­ғы бөлдезерші жігіт екеуі ара­­сындағы қақтығысқа зер салыңыз:

« – Айналайын балам, біздің үйдің желкесіне тау болып құм үйіліп қалғаны, енді болмаса үйді басып алатын түрі бар. Соны әрмен қарай ысырып тас­тай қоясыз ба? – деп өтінішін айтты.

Жігіт Омарғалиға қарап бұрылып тұрды.

– Не бересің?

– Жартылығыңды іш.

Жігіт басын шайқады.

– Екеуін берейін.

Бөлдезерші басын шайқады.

– Тіпті үшеуін, төртеуін берейін, әлгі Әшенді жығып ал­ған ақшам бар ғой.

– Қызыңды берсең... – Жігіт тауып айтқан адамша жан-жа­ғын­­­дағыларға мардымси қара­ды. Омарғали тас төбеге ұрған­дай қалшиып тұрып қа­лып­­ты, адамға көп тік қадала бер­мей­тін екі көзі әлгі жігіттің бүлк етпеген бетінен айырылар емес.

Не дедің-әй, сен? – әлден уа­қыт­та тілге келді. – Не дедің сен ит­тің баласы. – Омарғали көз ілес­пес шапшаңдықпен жігіттің жағасынан ала түсті. «Мына жын­ды қайтеді-ей», – деп шошып, жан ұшыра жұлқынған жігіт әшейінде сыртынан он екі мүшесінің алтауы жоқ деп, – мазақ қылатын жаман шалдың уысынан шы­ғып кете алмады. Екінші бір жұлқынғанда екеуі ұмар-жұмар құлап түсті. Омарғалидың қолы сонда да ажырар емес, жігіттің алқымын сығып барады. Ол өзін ойлаудан қалғалы қашан. Егер оның жартыкеш санасында дәл қазір бір сәуле болса, ол қызына арналған нұр еді, егер оның жарымжан жүрегінде махаббат ұшқыны қалса, ол да қызы­на арналған. Адам солай, жантәсілім еткенде де әуелі өзін емес, ұрпағын, перзентін ойлайды» дейді.

Осы көрініске қарап отырып, адам үшін ұрпағынан артық құн­дылық жоқ еке­н­ін қа­лам­гер астарлап, көр­кем жеткіз­ген. Жалпы, ба­ла күнімізде ауыл­дан Омар­ға­лиға ұқсайтын қария­лар­ды көрдік. Олар өмірден түр­­лі азап көрсе де, иманы мен қа­нағатын жоғалтпаған жан­­­дар болды. Қазір ондай кі­сілер тым азайып кетті. Жа­зушы осы шығармасында Омарғали секілді ел ішінде елеусіздеу жүрген адам­дардың бойындағы ұлттық мінезді, характерді шырқау биік­ке көтерген. Автор өз кейіп­керін ойдан алмағандығын ертеде шыққан шығармашылығы туралы бір мақаласында айтыпты. Қызылорда облыстық газетінде қызмет істеп жүр­генде Арал теңізінің қолты­ғындағы бір балық заводына іссапармен барғанда соғыс кесірінен кемтар болып, аяғын арсы-күрсі басқан еңгезердей азаматты көріп, сүйсінгенін айта келіп: «Ол кісі есіктен кіргеннен бас­тап-ақ менің назарым сонда еді. «Шіркін-ай, күнінде қандай азамат болды екен» деп ойладым. Мынадай кемтар күйге түсуіне соғыс кінәлі екеніне еш күмәнім болған жоқ.Мені сол сәт мұңды бір ойлар билеп алды. Не ішіп, не қойғаным есімде жоқ. Өзіміздің ауылда да нақ осындай бір кемтар қарт бар еді. Сол ойыма келді. Оны көрген са­йын да жүрегім бір шым ететін. Іш­кенге мәз, жегенге тоқ көп жұрт­­тың қартты үнемі қылжақ қылып жүретіні батушы еді. Сөйтіп, осы екі кісі «Ауыл ше­тіндегі үй» деп аталатын пове­сімдегі негізгі кейіпкер Омар­ғалидың прототипі болып шықты. Сырлап, әдемілеп әу­реге түскенім жоқ, оқиғаны өз аулыма алып келдім де, дәл, дайын характерді өмірдің өзінен көшірдім» дейді.

Қысқасы, сыршыл да лири­ка­­лық әдемі прозасымен қазақ әде­биетінің өркендеуіне үлесін қосқан жазушы Жақсылық Тү­мен­баевтың ұлттық болмысымызды шынайы бейнелеген шұрайлы шығармалары әлі талай өз оқырмандарын рухани сусындата берері анық.