• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Наурыз, 2022

Ән өнерінің падишасы

723 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі Роза Бағ­ланованың туғанына жүз жыл толуына орай «Ән өнерінің падишасы» атты көрме өтті. Оған даңқты өнер иесінің ұрпақ­тары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мазмұнды іс-шараның ашы­луын­да Ұлттық музей дир­ек­­торы Арыстанбек Мұха­ме­ди­­ұлы көрменің мақсаты ту­ралы айта келіп, күміс көмей ән­шін­ің Қазақ елінің ғана емес, ке­зін­дегі Кеңес Одағының мақ­таны­шына айналғандығын жеткізді.

Одан кейін сөз алған Р.Бағ­ланова атындағы қоғам­­дық қор­дың төрағасы, әнші­нің келі­ні Марал Бағ­ланова ардақ­ты тұлғаның ғасыр­лық мерейтойына арнап көптеген іс-шаралар өтіп жатқандығын, соның ішінде бүгінгі көрменің маңызы бөлек екендігін айтты.

«Себебі көрмеге анамыз­дың өзі қолданған жеке заттары ұсынылып отыр. Оның бәрі – біздің отбасымыз үшін бағалы жәдігерлер саналады. Осы іс-шараны өткізуге мұрындық болған азаматтарға алғысымды айтамын. Ол кісі біздің ғана анамыз емес, барша халық­тың анасы», деді келіні. Сондай-ақ Роза апамыздың ұлы Тәжен Бағланов анасы жа­йындағы қызықты естеліктері­мен бөлісті.

Көрмеге айтулы өнер иесі­нің өмірінен сыр шерте­тін отба­сылық қорынан алынған сахна­лық киімдері, әшекей бұйым­дары, марапаттары мен жеке тұтынған заттары, фото­суреттері қойылды. Бұл жәдігерлердің бәрі жұрт­шы­лықтың қызы­ғу­шылығын туғызып, жылы әсерге бөледі.

Одан әрі мәдени шара дөң­ге­лек үстел мәжілісіне ұла­сып, онда белгілі компози­тор Се­рік Еркімбеков, әнші Майра Ильясова, күйші Жанғали Жүз­бай, Мәдениет қайраткері Қуа­ныш Әбдіқалымов және т.б. зиялы азаматтар қазақ ән өнерінің дамуына өлшеу­сіз үлес қосқан әншінің өмірі мен шығарма­шы­лығы туралы салмақты ой қозғады.

Әсіресе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай: «Қазақ эстрадасының өз үлгісі­мен қалыптасқан тарихы, мектебі бар. Осы музыкалық бағыттың елімізде кең қанат жаюына Роза Бағланова зор үлес қосты. Сол себепті де, мен ол кісіні «Қазақ эст­ра­дасының алғашқы қарлы­­ғашы» деп атағым келеді», деп парасатты пікірін білдірді.

Сонымен қатар іс-шара аясын­да Роза Бағланова атын­дағы «Қазақконцерт» мем­лекет­тік ұйымының әншілері жи­налғандарға әсем ән сый­лап, көрме маз­мұнын байытты.