Ғасырдың таңдаулы әңгімелерінің бірі – «Иуданың кескіні» әңгімесі. Шығарманың қысқаша мазмұнын Ш.Қазездің аудармасы бойынша баяндап өтсек, атақты қылқалам шебері Сицилиядағы үлкен шіркеудің тұтас қабырғасына Ғайса пайғамбардың ғұмырнамасын салуға тапсырыс алады. Суретші жігітке басында жұмыс жеңіл жүргендей көрінеді. Ендігі сәтте Ғайса мен опасыз Иуданың бейнесін кескіндеу ғана қалған-тын.
Бір күні көшеде кетіп бара жатып, топ баланың ішінен жүзі нұр шашып тұрған ұлды көреді. Ғайсаның бейнесі. Суретші баланы ертіп алып, Пайғамбар образында әлгі нәрестенің жүзін қабырғаға көшірді. Бірақ суретші Иудаға үлгі болатын жанды таппай қиналады. Ол тіпті ондай образды «Ғұмырымның соңына дейін кездестірмейтін шығармын» деп ойлайды. Жыл артынан жыл өтеді. Суретші әбден қартаяды. Көп жылдарын шулы шарапханаларда өткізеді. Сөйткен күндердің бірінде өңі жүдеу, киімі қырық шоқпыт әлдекім қисалаңдап келіп табалдырықтан аттар-аттамастан «Шарап, шарап!» деп құлай кетеді. Суретші оны сүйеп тұрғызып, бетіне қарағанда, жүрегі зу ете қалады. Мұның жүзінен адамзат әлеміндегі опасыздық, озбырлық, қылмыс атаулыға қымсынбай баратын қара жүрек қаныпезерлік менмұндалап тұрғандай еді. Иуданың бейнесі.
Қарт суретші әлгі жанды дереу шеберханасына алып кетіп неше жылдан бері тоқтап тұрған суретін аяқтауға кіріседі. Бір күні әлгі жігіттің кенет сиқы қаша сасқалақтап, өң-түсі өзгеріп сала береді. Қанталаған көздері өзінің суретіне үрейлене қадалып қалады. Қарт суретші оның бұлайша аласұрғанының мәнін түсінбей: «Саған не болды? Бәрі дұрыс па?» дейді. Әлгі адам басын салбыратып, екі алақанымен бетін басып, қыстығып жылап жібереді. Біраз уақыттан кейін ол басын көтеріп, қарт суретшіге қадала қарап:
«Сіз шынымен-ақ мені ұмытып қалдыңыз ба? Талай жылдың алдында сіз мені Қасиетті нәресте Исаның да суретін салғанда осында алып келген едіңіз ғой» дейді.
Кейіпкер тағдырымен қаншалықты ойнауға болады?
Есімізге Оскар Уайльдтың «Дориан Грей портреті» түседі. Жанын Ібіліске сатқан кейіпкер еш қартаймайды. Уақыттың адам бетіне түсіретін шимай-әжімі жылдар бойы кейіпкердің майлы бояумен салынған портретіне түседі. Уыздай жас Дориан ғұмырының соңында күнәһар шалдың бейнесі кескінделген портретті пышақтап жатады...
Жо-жоқ. Олай емес. Үй жинап жүрген кәнизактар жап-жас Дорианның бейнесі салынған картинаның қасында өзіне-өзі қол жұмсаған, беті әжім-әжім қарияны тауып алады.
Әлгі суретші Ғайсаның суретіне сол баланы нысан етпегенде, оның тағдыры мүлдем басқаша өрілер ме еді?! Иә, М.Булгаковтың «Мастер и Маргаритасындағы» Иудеяның бесінші прокураторы Понтий Пилатты Шебердің, яғни жазушының екі мың жылдан кейін босататыны сияқты...
Шығарма десек те шындық, бәлкім Ғайса боп туу – тағдыр, Иуда боп өлу – тәлкек.
Сіздің кейіпкеріңіз кім?
Сіз кімнің кейіпкерісіз?