Салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдарда бізге, қала берді біздің ұлтқа қатысты не бір әңгімелер бар. Оны қазіргі қала жағалаған ұрпаққа айтсаң, аңыз немесе өтірік ретінде қабылдауы мүмкін. Біздің ауылда Шойбан деген кісі болды. Жарықтық, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын. Әр дәулетті әулеттің есігінде жүріп, малын бағып, отынын жарып күнелтетін Шойбан үшін оған мініске бір жақсы ат берсең жеткілікті. Тіпті ол жылқысы аздау байдың малын бақпаймын деп «әлек» салатын да болған. Ауыл болғасын, той-төкіні, өлім-жітімі болады, сонда Шойбан мамағаштарда қаз-қатар байланып тұрған аттардың қасына барып, кәдімгі Күреңбай сыншы сияқты әр атты өзінше сынайды, кейде оларға «мынау нағыз жел табан екен», «әй, мынау қойдың аты», «бұл жануар бабын таппай қор болып жүр» деп «әттеген-айларын» айтып, көңілін құлазытатын. Ол үшін жылқыны көру – бақытты өмірді көру сияқты сезілетін.
Бірде ауылда ұлан-асыр бәйге болды. Қасен байдың қойын бағып жүрген жерінен шауып келіп бәйгеге қатысқалы тұрған топты аттың ішінен Шойбан шашасына үкі таққан, бірақ өзге аттардай емес, қимылсыз, салмақты тұрған бір күреңді көрсетіп, «осы ат бүгін бәйгеден келеді» демесі бар ма? Аттарды айдағалы тұрған топ та, бәйгені көруге жиналған жұрт та Шойбанның сөзін «жындының сандырағына» балады. Бас бәйгеге қомақты ақша тігілген аламанның аттарын жұрт дегбірсіздене күтуде. Бір уақытта ұзын шаң көрінді. Жұрт қиқулап, бәйгеге ат қосқаны да, қоспағаны да елеуреп ала жөнелді. Анадайда әлгіндегі үкі таққан күрең ат сияқты Шойбан да үнсіз һәм салмақты күйде тұр. Міне, аттар жақындап келеді, біреуі «менің торым ғой ана келе жатқан» десе, енді бірі одан қалыспай «менің қасқам екен» десіп, бір-біріне ерік бермей тұр. Бір уақытта көмбеге әлгі күрең жақындап келді, танауынан ескен жел қарсы алдындағы жолды аршып келе жатқандай, тіпті тұяғы қара жердің апшысын қуырардай. Жұрт бұл жолы басқаша айқайға басты. Өзінің «сәуегейлігі» расқа айналса да, Шойбан әлі үнсіз. Бәйге бітті, даурыққан жұрт күрең аттың иесін сүйіншілеп, анадайға ертіп алып кетті. Ал бәйге төбенің басында ең соңында сопайып Шойбан қалды. Ол тағы бір жүйрікті күтетіндей, тіпті соның келуінен дәмелі бапкер сияқты.
Тағы бірде ауылда бір ақсақал өмірден өтті. Жұрт жиналып әлгі кісінің отбасына көңіл айтты. Қаралы үйге жиналғандар қайтқан кісінің өмірде жасаған ізгі істерін айтып, әңгімелесіп тұрған сәтте жалғыз өзі сопиын Шойбан да аттан түсті. Әрине, ол да көңіл айтуға келіп тұр. Сосын ол қайтыс болған кісінің ұлдарына қарап: «Жасымаңдар, жыламаңдар, адам түгілі жақсы ат та өледі ғой» дегені. Қапелімде айтылған бұл сөзді әркім әртүрлі қабылдап, Шойбанды жазғырып жатты. Оны «жынданған» деушілер де болды. Сол Шойбан бір жылы қыста қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Соңғы сәтінде ол қасына барған бір жігітке: «Барып қарашы, торы аттың ері алынып па, аунап тастамасын» депті. Осы сөзден кейін аузы сөзге келмей бақиға аттаныпты. Бір өмір солай сөнді де қалды. Бірақ оның күрең аттың тағдырын болжаған сәуегейлігі, атын басына ұрған кісіні жездей қақтап боқтағаны, «адам түгілі жақсы ат та өледі» деген мәтелі бұл күндері ел аузында жиі айтылады. Меніңше, Шойбанның жүрегінде бір ғана ұғым бар десек, ол жылқыны қорғау деген ұғым болса керек.