• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 15 Наурыз, 2022

Президент маңызды шешім қабылдады

300 рет
көрсетілді

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы Тәуелсіздіктің 30 жылындағы еліміздің тарихында ең қасіретті күндері болып қалары анық. Себебі Қазақстанда бұрын-соңды мұндай оқиға болған емес. Бұл оқиға дүйім елді дүрліктіріп, талай отбасын қара жамылдырып кетті. Сонымен қатар санамызды өзгертті, көп нәрсеге көзімізді ашты. Шындап келгенде, көпшілігіміз ел тарихында осындай қайғы мен қасіретке толы дүрбелең болады деп еш ойламаған едік.

Ал осы қаңтар оқиғаларының терге­луіне қатысты құқық қорғау органдарының Мә­жіліске келіп арнайы есеп беруі бұл істің қаншалықты ашық жүргізіліп жатқа­нын, қоғамның бұл күндерге деген қызы­ғу­­шы­лығының әлі де басылмағанын біл­ді­реді.

Мәжілістің жалпы отырысына қаты­сып отырған барлық депутаттар, қоғам­дық ұйым өкілдері, заңгерлер, БАҚ өкіл­дері үшін бұл мәселе өте өзекті. Жалпы, «Қасіретті қаңтар» бойынша тергеу­дің қалай жүргізіліп жатқаны, бейбіт шеруге шығып, қаза болған қарапайым азамат­тар­дың өлімі, әсіресе тергеу изолятор­ындағы азаптау деректеріне қатысты мәліметтер – бүкіл қоғам осы мән-жайдың барлығын құзырлы органдардан анық әрі шынайы ақпарат алғысы келеді. Бұл – заңдылық.

Қазіргі мемлекеттің, Жаңа Қазақ­станның ішкі саясатының басымдық беріп отырған бағыты да осы. Дәл қазіргі кезде қоғам­ға өтірік айтып, жалған ақпарат беру, сұрақтан жалтару деген мүлде бол­мауы керек. Президент қоғамдық резонанс ту­­дырған кез келген мәселеге қатысты ашық талқылауды, пікір білдіруді ұсынып отыр.

Қаңтар оқиғасына қатысы бар күдікті­лердің қатарында Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің бұрынғы басшысы К.Мәсімов пен оның бұрынғы үш орынбасарының есімдерінің аталуы көп нәрсені аңғартады. Оның үстіне оларға құқық қорғау орган­дары тарапынан «мемлекетке опасыздық жасау», «билікті басып алуға әрекет ету» деген ауыр айып тағылып отыр.

Бейбіт басталған шерудің соңы жаппай тәртіпсіздік пен террористік сипат алып кеткенде ел Президентінің «Қайтсем де елімде боламын, астанада қаламын» деп табандылық танытқаны да біраз нәрсені ұқтырады. Түптеп келгенде бұл – ел тұтастығын сақтап қалу үшін жасалған маңызды шешім болып саналады. Бас прокурор, Ішкі істер министрі мен Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы қаңтар қырғыны бойын­ша тіркелген қылмыстық істер жөнінде баяндама жасағанда күдіктілердің консти­туциялық құқықтарын қорғау қамта­масыз етілетінін айтты. Тиісінше, қылмыс­керлер де жазадан жалтарып кетпеуі керек. Ең бастысы тиісті органдар тергеу амалдарының ашық, заңды және объективті түрде жүргізілуінің қоғам үшін маңызды екенін түсінуі тиіс.

Бүгінгі отырыста депутаттардың өзі үлкен белсенділік танытып, халықтың көкейінде жүрген өзекті сұрақтарды қойды. Рас, қаңтар оқиғаларына қатысты айтылып жүрген пікірлер әртүрлі, сын да аз емес. Соның ішінде, құқық қорғау органдарының біліктілігіне, кәсібилігі мен жауапкершілігіне қатысты сан түрлі өткір де өзекті мәселелер көп айтылып жүр. Бірақ бір нәрсе анық. Кешегі қаңтар оқиғасына заңдық тұрғыдан баға бергенде асығыстыққа бармауымыз қажет. Себебі жаппай тәртіпсіздік пен билікті құлатуды көздеген лаңкестікке ұласып кеткен бейбіт шеру төңірегіндегі мәселелерді айналасы 1-2 айдың ішінде толық әрі жан-жақты тергеп бітіру мүмкін емес. Осы оқиғадан бері 2 ай уақыт өтті, тергеу амалдарына да осындай уақыт кетті. Бұл объективті тергеу жүргізу үшін аз уақыт.

Қаңтар оқиғалары бізге үлкен сынақ әрі сабақ болды. Елдігіміз бен егемендігімізге үлкен қауіп төнген кезде қарапайым халық ең бірінші биліктен, құзырлы органдардан табанды әрі әділ шешім күтеді.

Ендігі мақсат – осындай оқиғалардың болмауына басымдық беру, елдігімізді сақтап қалу.

 

Марат БӘШІМОВ,

Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры