Жастар арасында спортты насихаттаудың маңызы зор. Денсаулығы мықты ұрпақ болашақтың іргетасын бекемдейді. Шоқ жұлдыздай шағын ғана бірлігі жарасқан Бірлік ауылының тұрғындарының бүгінгі тіршілігі өзгеге өнеге боларлық.
Ауыл спортзалы атшаптырым жерден көзге ілігеді екен. Тұрғындардың айтуына қарағанда, еңселі ғимараттың іші бір босаған емес. Таң сәріден жүзден аса адам келіп әрқилы жаттығу өткізеді. Дәтке қуаты, көңілің қалаған спортпен айналысуға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Футбол, баскетбол және волейбол алаңдары мұнтаздай тап-таза, жаңа заманның талабына сай жасақталған.
– Спортзалда ұлттық спорт түрлерімен айналысуға бар мүмкіндік тудырылып отыр, – дейді ауыл округінің жастар ісі жөніндегі маманы Ибрагим Ыбаев, – балалармен арнайы жаттықтырушы жұмыс істейді. Жастар арасында ұлттық спорт түрлерін меңгеруге деген ықылас та зор. Үзбей дайындалғаннан кейін аудандық, облыстық жарыстарда жүлдесіз қалған кезіміз жоқ.
Осыдан үш жыл бұрын шағын орталық ашылыпты. Бір кезде қараусыз қалған ғимарат екен. Қазір құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, бақытты балалық мекені. Осы бір мысалдан-ақ кейбір ауылдарда бос тұрған ғимараттарды игілікке айналдыруға болатындығына көзіміз жетті. Тек ел қамын жеген ниет болсын деңіз. Әйтпесе, өңірдегі кез келген елді мекенде заманында клуб үйі, спортзалы болған ғимараттардың қазір ешкімге керек болмай, босқа қаусап жатқандығын көз көріп жүр. Ал мұндағы балалар орталығындағы атшаптырым бөлмелер, балалардың ойын және жатын орындары тап-тұйнақтай. Өзге де барлық жағдай туғызылған. Тіпті облыс орталығындағы осы тектес мекемелерден сынық сүйем кемдігі жоқ.
– Балабақшаға 15 бала келеді. Тәлім-тәрбие жұмыстары барлық талапқа сай, балалар орталығының тәрбиешісі Таиса Модарбиева, бір айта кетерлігі, үлкендерден көрген өнегесі болар, кішкентай балалар да спорт десе жанып тұрады.
Осындай өнегелі өріс қалыптасқан ауылдың тыныс-тіршілігі көрген көзді қуантарлық. Жақсы істер жарасымды қалыппен дамып жатса, тұтас аймақтың ажары кіріп қалар еді-ау.
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы