Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин кезекті баспасөз жиынын өткізіп, қаңтар оқиғалары кезінде Алматыда шығынға батқан шағын және орта бизнес өкілдерінен түскен, қолдағы бар барлық өтінімдер 100%-ға қаралғаны туралы мәлімдеді.
Мемлекеттің қолдауы, Шағын және орта бизнеске келтірілген шығынды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның өтініштерді қысқа мерзімде қарауы бір-біріне септесіп, қала экономикасын қалпына келтіруді жеделдетті. Infokazakstan.kz электронды платформасына 1 188 кәсіпкерден 1 355 өтінім келіп түскен. Өңірлік комиссия отырысының қорытындысы бойынша, жалпы сомасы 5 286 млн теңге болатын 1 139 өтінім мақұлданса, оның ішінде бюджет қаражатынан 4 194 млн теңгеге 595 өтінім, «Жаңа Алатау» қоры қаржысынан 1 091 млн теңге сомасында тағы 544 өтінім шығындары өтеліп жатыр.
«Негізінен сауда және қызмет көрсету секторы зардап шекті. Өтінімдердің көпшілігі азық-түліктік емес тауарлар, аяқкиімдерді, киімдерді сатумен айналысатын кәсіпкерлерден, сондай-ақ тұрмыстық техника, зергерлік бұйымдарды сататын сауда ойын-сауық орталығының аумағында орналасқан айырбастау пункттері мен дүкен иелерінен келіп түсті», деді Е.Оразалин.
Қалған 216 өтінім пысықтауға жіберілді. Өйткені оның 120-сының құжаттары түгел емес, 96-сы жеңілдетілген тетік аясында төлем сомасы бойынша келіспеуге байланысты сот сараптамасына жіберілді. Зардап шеккен бизнесті толық қамтып, қала экономикасын жедел қалпына келтіру мақсатында Комиссия хатшылығы құжаттардың толық пакетін ұсынуда көмек көрсету үшін Qoldaý кәсіпкерлік орталығының жанынан консультациялық штаб ашты.
Өтемақысы әлі төленбеген зардап шеккен кәсіпкерлер құзырлы мекемелерге жүгіне алады. Өңірлік комиссияның келесі отырыстары 2022 жылғы 12, 15 және 18 наурызға жоспарланған.
Брифингке Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов қатысып, зардап шеккен бизнесті қолдау үшін «Күшіміз – бірлікте» қоры құрылғанын хабарлады. Комиссия шешімінен кейін қор қаражаты сауда орындары тоналған, бұзылған Алматы және басқа өңірлерден келген кәсіпкерлерге бөлінеді.
АЛМАТЫ