Бүгінде қазақ бейнелеу өнеріне талантты жастар легі келді. Солардың бірі – Оралбек Қабөке. Оның туындылары ұлттық калоритке байлығымен ғана емес, жылы әсерге толы әсемдігімен, түпсіз тереңдігімен ерекшеленеді. Айталық, суретшінің «Тартылыс» атты картинасын қараңызшы. Ақ сақалды қарияның құшағында мамыражай ұйқыда жатқан сәбилердің бейнесін көріп, халқымыздың «бала – бауыр етің» дейтін ғажайып философиясын бояу сырымен жеткізген шеберлігіне тәнті боласыз.
Сондай-ақ автор мұнда түрлі зобалаң мен зұлматты көрсе де, келешектен үміт үзбей, ұрпағын аман сақтап қалған қазақтың текті болмысын айшықты бейнелеген. Жалпы, қылқалам шеберінің шығармашылығында ұлт тарихы, салт-дәстүр, отбасы, туған жер тақырыптары кеңірек қамтылған. Мәселен, «Тарихпен бірге» атты картинада заманауи киінген қазақ баласының көнеден сыр бүккен балбалтастардың ортасында тарихтан сыр шертіп тұрған бейнесін бүгінгі уақытпен шебер үйлестіре білсе, «Магнит» деген еңбегінде адамның қай қиырда жүрсе де, қасиетті Отаны мен ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге деген сағынышын, тартылыс күшін дәл жеткізген. Сонымен қатар «Атаның институты», «Жасыл текемет», «Құрақ», «Берекелі киім» атты жұмыстарынан құндылықтардың қадірін білуге, салт-дәстүрді құрметтеуге, ата-ананы сыйлауды айтып қана қоймайды, сол арқылы ұлттық болмысыңды, ерекшелігіңді сақтауға үндейді.
Белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков оны қазақ бейнелеу өнеріндегі жас буынның беделді өкілі дей келіп:
«Суретші өз картиналарына тақырып іздеп, қиядан асып, ел шетіне шығып кетпейді. Өмір мен болмыстың заңдылықтарын ата дәстүрден, ұлттық тұрмыстың ғасырлар бойы сыннан өтіп, дәлелденген қарым-қатынасынан, жан дүниенің қоңыр қобыз сарынындай мың құбылысы бар иірімдерінен іздейді» десе, танымал суретші Лейла Махат: «Оралбек – өмірге өзгеше қарайтын суретші. Ол туған халқының тарихы мен дәстүрін жетік біледі. Оның шығармаларынан өнерге адалдығы көрініп тұрады» деп баға беріпті.
Біздің кейіпкеріміз бала күнінен өнерге жақын болып өскен. Бір сөзінде «Егер суретші болмасам, әдебиетші болар едім» деп айтыпты. Кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, сондағы ұлағатты ұстаздарынан бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйренеді.
«Біз қазір уақытпен жарысып күн кешіп жатырмыз. Әрбір өнер адамы өзі өмір сүрген уақытты бедерлейді. Мен де ұлттық бейнеден ажырамай, өз дәуірімнің келбетін бейнелеп, халқымның болмысы мен адамзаттық философияға қосатын ерекшелігін көркемдесем» дейді ол.
Бүгінге дейін Оралбек Қабөкенің Нұр-Сұлтанда «Көзқарас», Алматыда «Іздер» атты жеке көрмесі өтіп, мазмұнды туындыларымен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Сонымен бірге «Шетелдегі қазақ жастары және ана тілі» атты халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдені иеленсе, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық «Каспий көкжиегі» атты суретшілер байқауында және тағы басқа халықаралық конкурстарда топ жарған.