Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған ауылдар мен ұлттық мектептердің күрделі мәселелерін жедел түрде шешу қажет.
Қызылжар өңірінде облыстық экономика басқармасының есебі бойынша, 635 ауылдың 307-не болашағы бар деген жорамал жасалып отыр. Бұл санатқа шекара маңындағы 23 елді мекен іліккен. Солардың бірі – Кіші Қараой (бұрынғы атауы Киев).
Теріскейдегі шекара маңын мекендейтін 15 ауылдың тұрғындарының саны 50-ге де жетпейтінін ескерсек, бұған жыл өткен сайын қоныстанушылар санының азайып бара жатқанын қоссақ, біразы карта бетінен жойылып кеткелі тұрғанын аңғарамыз. Жалпы, Қазақстан бойынша шекара аумағындағы 1 200 елді мекенде 1,5 млн адам тіршілік етеді екен. Алайда қазіргі қалыптасқан күрделі жағдайларға қарағанда, шекара шебін шегендеп, ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің, тәу етер тәуелсіздігіміздің іргетасын нықтай түсудің стратегиялық маңыздылығын биліктегілер жете сезінгендері абзал. Өкінішке қарай, шекаралық аймақтарда шешімін күткен әлеуметтік мәселелердің қордалана түскенін еріксіз мойындауға тура келеді. Мәселен, Кіші Қараойға қарағанда, онымен іргелес Омбы облысы Полтавское ауданы Длинная селосының инженерлік-инфрақұрылымдық саласы әлдеқайда көш ілгері. Осыған қарап-ақ көрші елдің шекаралас аймақтарға мықтап көңіл бөле бастағанын байқауға болады. Бұл өңірлерде тұратын, жұмыс істейтін адамдарға, жас отбасыларға жеңілдіктер жасайтын арнайы заңдар да қабылданған. Осы себепті жерлестеріміздің жайлы өмірді шекараның арғы жағынан іздеп кететіндері аз емес. 1989 жылы мұнда 1 500-ге жуық адам тұрған. Автобекет, клуб, өнеркәсіп дүкені, аурухана, асханаға дейін болған. 2009 жылы осыншама тұрғынның үштен бірі, қазір 400-дейі ғана қалған. Маңдайға басқан, шүкіршілік етіп отырған жалғыз әлеуметтік нысан – 11 жылдық мектеп қана.
Енді қайтпек керек деген сұрақтың бір кілтін бүгінде ел алғысына бөленіп отырған Жарас Жағыпаровпен сөйлесу барысында тапқандай болдық. Ол 2019 жылы тепсе темір үзетін 46 шағында інісі Бауыржан екеуі осында көшіп келіп, «Алтын жер-Агро» ЖШС-ын ұйымдастырған. Ондағы ойлары – сырттан келген алпауыттардың қолына жетім баладай мөлие қарап, босқа жем болып жатқан жерлестеріне әлеуметтік қамқорлық көрсету, пайларын дұрыс үлестіру, одан артылып жатса, қаражатты ауылды дамытуға жұмсау. Бұрынғы инвесторлар арасында 5-6 жыл астық өсірмегендері болған. Танаптарды тыңайтпаған. Күтім жоқтығынан арамшөп кісі бойы қаулап, өсіп кеткен.
«Егістік жеріміз – 6 мың гектар. 35 адам еңбек етеді. Жұмыскерлерімізге жемшөпті тегін береміз. Зейнеткерлер мен мүгедектерге де көмектесеміз. Тауарлы сүт фермасын ашуға құжаттар әзірлеп жатырмыз. Мектепке барып, бір қанатының төбесінен су ағатынын көрдім. Жөндеуге келмейтінін байқап, басқа шаруашылық жетекшілерімен бірлесіп, 2,5 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттарын дайындап бердік. Сараптамадан өтті. Күрделі жөндеуге 250 млн теңге қажет көрінеді. Облыс, аудан басшыларына бір ғана өтінішім бар, білім ордасын толықтай жаңартуға, жастардың демалыс орны – клуб салуға бастамашы болса. Шалғайда екен деп шетке теппесе. Басқа ештеңе сұрамаймыз. Өзгесі – өз қолымызда. Кіші Қараой – болашағы зор ауыл. Биыл 20-25 адамға шақталған қоғамдық монша тұрғызуды белгілеп отырмыз. Басқа да жоспарларымызды жүзеге асыруға мүмкіндігіміз толық жетеді. Ең басты мәселе, шекаралық ауылдарды, оның ішінде ұлттық мектептерді түзеу, адамдардың тұрақтануына, келуіне ықпал жасау, инфрақұрылымды шоғырландыру. Қазіргі көрініс сын көтермейтіндіктен мемлекеттік деңгейде назар аудармай болмайды. «Бос жатқан жер жау шақырады» деп бабаларымыз текке айтпаған. Ертең шекарамыз жалаңаштанып қалса, мәселенің түйінін тарқату мүлдем қиындап кетеді. Мектептер жабылса, елді мекендердің орнын сипап қаларымыз анық», дейді Жарас Абылайханұлы өзегін өртеген өкінішін ақтарып.
Ресей облыстарымен түйісетін ауыл мектептерінде оқушылар санының мүлдем аздығы, олардағы жағдайдың төмендігі ойландырмай қоймайды. Оқушылар саны саусақпен санарлықтай. Мәселен, осы ауылдағы Киев мектебіндегі 9-сыныпта 3 оқушы ғана қалған. Қалған сыныптарда 5 пен 7 аралығында. Әрине, мектепте жылы дәретхана орнатылмаса, төбеден су сорғаласа, қабырғалар көгеріп, еден қаусап жатса, сабақ оқуға, білім алуға кім ынтық бола қояр дейсің? Облыста 39 білім ошағының шатырын ауыстыру қажет көрінеді. Бұларға бөлінетін қаражат мәселесін сұрастырғанымызда, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтарь Кіші Қараойдағы жағдаймен таныс екенін, «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы бойынша құжат ресімделіп, қаржы басқармасына жөнелтілгенін, ұсыныс қаралу үстінде екенін жеткізді. Әйтеуір, «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кері болып, су аяғы құрдымға кетіп қалмаса жарады деген тілектеміз. Ал кішіқараойлықтар болса, тұрмыстарының түзелетініне үлкен сенім артып отыр. Олардың бар үміті – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған Президент реформаларында. Шалғайлығымызды сылтауратып, «шанадан түсіріп тастай ма?» деген күдік те жоқ емес.
Өмір ЕСҚАЛИ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ақжар ауданы