• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Наурыз, 2022

Өнеге алар ардагеріміз бар

275 рет
көрсетілді

Қоғам белсендісі, Жамбыл облысындағы Байзақ аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Серік Балабековтің іс-тәжірибесі облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа отырысында арнайы талқыланып, оның облыс көлемінде атқарып отырған жақсы істерін кеңінен тарату жөнінде қаулы қабылданды.

Халыққа пайдалы игілікті істердің басы-қасында қашанда қария­лардың жүруі, әрине, қуантарлық жайт. Қандай да бір істі бастар алдында аузы дуал­ы, сөзі өтімді ақсақалдардың батасын алу – әр қазаққа тән қасиет. Сонда тірлік – тиянақты, еңбек – жемісті, іс нәтижелі болады. Қазір ардагерлер ұйымдарында осы жақсы дәстүр жалғасын тауып жатыр.

Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ашылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Серік Балабековтің белсенділігінің арқасында бірқатар игі іс асқарып отыр. Орталыққа тұрғындардың бұрын пайдаланған бұйымдары мен жаңалары да қабылданып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға тегін таратылады. Таратуға қабыл­данатын заттардың ішінде киім-кешек, құрал-сайман, тұрмыстық техника, жиһаз, түрлі төсеніштер, ыдыс-аяқ, тіпті ойыншықтар да бар.

Серік Балабековтің қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі мен іс-тәжірибесі өзгелерге үлгі етуге, насихаттауға лайық. Оның бітімгер­шілігінің арқасында талай шаңырақтың шайқалмауына, сыйластыққа сызат түспеуіне, даулы мәселелердің оңды шешілуіне қол жеткізілді. Олай болса, ардагер ағаның ардагерлер ұйымындағы белсенді қызметі де ескерусіз емес. Ол – «Жамбыл облысының құрметті ардагері» төсбелгісінің иегері. Президенттік сайлауларда сенім білдірілген адам. Парламенттік, облыстық және аудандық мәслихаттар сайлауларында комиссия мүшесі болғаны үшін республикалық билік партиясының Алғыс хатымен, партия облыстық филиалының Мақтау қағазымен марапатталған. Сондай-ақ еңбегі III дәрежелі «Үздік медиатор» дипло­мымен атап өтілген.

 

Төле НАРЖАНОВ,

аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы