АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан турнирде Қазақстанның қос теннисшісі – Александр Бублик пен Елена Рыбакина табысты өнер көрсетуде.
Бұған дейін біз Бубликтің Ұлыбританияның әйгілі ойыншысы, Олимпия ойындарының жеңімпазы Энди Маррейді жеңгені жайында жазғанбыз. Кеше Рыбакина да өз жанкүйерлерін қуантты. Үшінші кезеңде ол әлемнің экс-бірінші ракеткасы Виктория Азаренкомен кездесті. 32 жастағы Беларусь елінің өкілі кезінде Аустралияның ашық біріншілігін ұтып, US open додасының финалында ойнаған. Ролан Гаррос пен Уимблдонда жартылай финалға дейін жетіп, WTA турнирлерінде 21 рет жеңімпаз атанды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасының жекелеген сынында Азаренко қола алса, жұптық сайыста алтыннан алқа тақты. Бірақ бұл күні өте тамаша өнер көрсеткен Елена бір жарым сағаттан аса уақытқа созылған бәсекені 6:3, 6:4 есебімен өз пайдасына шешті. Енді отандасымыз швейцариялық Виктория Голубичпен шеберлік байқасады.
Аталған жарыстың басты фавориттерінің бірі саналған әлемнің бірінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев кеше франциялық Гаэл Монфиске 6:4, 3:6, 1:6 есебімен есе жіберіп, көрермендер қатарына қосылды.