Amanat партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы өз жұмысын бастады. Бұл бастама партияны трансформациялау жұмыстарының азаматтармен кері байланысты күшейту тармағының аясында жүзеге асырылуда. Бірінші болып Қарағанды және Ақмола облыстарының 10 шалғай елді мекенінде мобильді қоғамдық қабылдаулар ашылды.
Кезектен тыс ХХІІ съезде amanat партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым жұмысын қайта құруды тапсырып, қоғамдық қабылдау бөлмелері тек шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салатын орынға айналуы тиіс екенін атап өтті. «Азаматтарды көшпелі қабылдауды жиі өткізіп, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесу керек», деді сол кезде партия Төрағасы.
Алдағы үш айда мобильді қоғамдық қабылдаулар Қазақстанның барлық өңірлерін аралап, шалғай ауылдарға ерекше көңіл бөледі. Мобильді қабылдау бөлмелерінің жұмысына мәслихат депутаттары – партия фракциясының мүшелері, өңірлік филиалдардан Бюро мен Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың өкілдері және т.б. қатысады. Мобильді қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде жұмыс істейтін болады.
Партия мүшелері Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарымен кездесуге келді. Amanat партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, бірінші күні 100-ге жуық адам қабылданған. «Ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейді және оларға мәселені облыстық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттарына жеткізу оңай емес. Біз тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Бұл бір реттік акция емес, енді тұрақты түрде болады. Бұл тіпті, шалғай ауылдардың проблемаларын назарға алып, сол бойынша жүйелі шешімдер қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік береді», деді Ә.Садырбаева.
Қоғамдық қабылдауға алғашқылардың бірі болып келген Ақмола облысына қарасты Новосельское ауылының тұрғыны Светлана Паль елді мекенді сумен жабдықтау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, сумен жабдықтау желілерінің әбден тозығы жетіп, бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді. «Судың жиі-жиі үзіліп қалуы, мүлдем ақпай қалуы біздерге таңсық жағдай емес. Сондықтан да су аққан кезде ыдыстарымызды толтырып алуды әдет қылғанбыз. Бұл қарт адамдарға, әсіресе жалғызбасты адамдарға қиындық туғызады», деді С.Паль.
Өз кезегінде мобильді қоғамдық қабылдаудың құрамына кірген Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов партияның сайлауалды бағдарламасын орындау аясында Новосельское ауылында сумен жабдықтау желілерін тарту жұмыстары биыл басталуы тиіс екенін айтты. Қоғамдық қабылдауда бұдан басқа көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты мәселелер көтерілді. Аудандық мәслихаттағы партия фракциясының төрағасы Нұржан Рахымовтың айтуынша, әрбір өтініш бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері белгіленеді. «Партиялықтар халықпен тікелей диалог орнатуға, олардың талап-тілектері мен сұраныстарын тыңдауға келді, бұл өте дұрыс. Мұндай кездесулерді мүмкіндігінше жиі ұйымдастырған жөн», деген ақсақал Хасен Қалменбаев аманаттықтарға алғысын білдірді.
Аманаттықтар Ақмола облысына қарасты Новосельское, Чапаевское, Ақсай, Үлгі, Сабынды сияқты барлығы 5 ауылға барды. Amanat партиясының мобильді бригадалары Қарағанды облысының шалғай елді мекендерінің тұрғындарына да қабылдау өткізді. Партиялықтар Егендібұлақ, Шешенқара, Дубовка, Бидайық, Орынбай ауылдарында болды. Егіндібұлақта тұрғындар малға шөп және жайылымдық жерлердің жоқтығына шағымданды. Ал Шешенқара тұрғындары ұялы байланыс пен ауыл ішіндегі жолдардың сапасына қатысты мәселелерді алға тартты. Дубовкада инженерлік желілерді жөндеу және газдандыру мәселесі өзекті болып тұр. Бидайық ауылында тұрғындар фельдшерлік-акушерлік пункт салуды және электр қуатының сапасын жақсарту үшін қосымша трансформатор орнатуды сұрап отыр. Орынбай ауылында арыз-шағымдардың басым бөлігі тозығы жеткен электр желілеріне қатысты болса, жергілікті шаруалар ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің несие қаражатына қолжетімділігін арттыруды талап етуде. Барлық сұрақтар аманаттықтардың бақылауына алынды.
Amanat партиясының қоғамдық қабылдауына жыл басынан бері 24,7 мың адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 32%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (14%), жұмыспен қамту және еңбек құқықтарының бұзылуы (11%) секілді мәселелер толғандырады. Осы мәселелердің 56%-ы шешімін тапты. Партия таратқан мәліметке сәйкес, мобильді қоғамдық қабылдаудың іске қосылуына байланысты бұл сандар айтарлықтай өскен.