АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан аса ірі халықаралық турнирдің ширек финалына шыққан теннисшілер бірте-бірте анықталуда.
Осының алдында ғана Беларусь ойыншысы Виктория Азаренкодан айласын асырып, жанкүйерлерін қуантқан еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бұл жолы да шабысынан жаңылған жоқ. WTA рейтингінде 51-орында тұрған швейцариялық Виктория Голубичпен күш сынасқан ол 7:6, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Енді ширек финалда Рыбакина грекиялық Мария Саккаримен шеберлік байқасады. 26 жастағы Ежелгі Эллада елінің өкілі бұл күндері әлемдік рейтингте алтыншы орында тұр.
Өкінішке қарай, Александр Бубликтің жолы болмады. Аталған турнирдің үшінші айналымында ол әлемнің 35-ракеткасы болгариялық Григор Димитровтан 3:6, 4:6 есебімен ұтылып қалды.