Мұндай диалог алаңының «Ұлттық мүдде» деп аталуы өте орынды. Өйткені плюрализм қағидатымен қоғамда түрлі пікір болуға тиіс. Бәріміздің алтын қазығымыз, ортақ құндылығымыз – ұлттық мүдде.
Қазіргі геосаяси жағдай да, еліміздегі ахуал да соны көрсетеді. Осы орайда қаңтар оқиғасына тоқтала кетсем. Төңірегімізде болып жатқан ахуалдардан анық байқап отырмыз. Төңкеріс, билікті күштеп басып алу – адам құқықтарына, әділеттілікке жасалған ең үлкен қиянат. Егер қаңтарда төңкеріс жүзеге асқанда, онда еліміз артқа кететін еді. Мемлекетіміздің абыройына нұқсан келіп, созылмалы дертке айналар еді. Президент төңкеріске тойтарыс беру арқылы өзінің демократиялық қағидаттарға, саяси реформаларға берік екенін көрсетті. Соның жолында табандылық танытатынын айқындап берді. Мұны Жолдаудан да анық аңғардық. Жолдау – Қазақстанның ұзақ мерзімді болашағын айқындайтын стратегиялық қоғамдық құжат.
Осы орайда мына мәселеге назар аударғым келеді. Азаматтық қоғамның классикалық анықтамасының бір көрінісі – бұқаралық ақпарат құралдары. Бұл мәселеге де Президент Жолдауында ерекше мән берілді. БАҚ туралы жаңа заңды әзірлеу және қабылдау, журналистердің шынайы бостандығы мен кәсіпқойлығын қамтамасыз ету, елде еркін ақпараттық кеңістікті қалыптастыру – демократияның жолы ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, асыра айтқанымыз емес. Тапсырыспен әлеуметтік желіде немесе бұқаралық ақпарат құралдарында бет жыртысудан мәдениеттілікке, білімділікке көшуіміз қажет. Сондықтан осындай жолайрықта біліктілік, мәдениеттілік, әділеттілік пен жауапкершілік аса маңызды.
Екінші жағынан, осындай басқосу да азаматтық қоғамның көрінісі. Өйткені байсалды әңгіме қазір, әсіресе зиялы қауымға деген сенімге селкеу түскен сәтте аса қажет. Сондықтан Жаңа Қазақстанда жалтақ емес, жағымпаз емес жаңа зиялы орта өсіп шығуы керек. Жаңа сөз айтылуға тиіс. Қазақстанның болашағына, келешек келбетіне, ұлттың болмысына қатысты мәселелерде байсалды пікірталас жүруге тиіс. Сондықтан диалог алаңы атына заты сай, ұлттық мүддеге қызмет ететін үлкен мінберге айналады деп сенемін. Сенаттың жанынан құрылуы бұған мүмкіндік беріп, беделін көтереді, маңызын арттырады.