• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Наурыз, 2022

Бәріміздің алтын қазығымыз, ортақ құндылығымыз – ұлттық мүдде

7270 рет
көрсетілді

Мұндай диалог алаңының «Ұлттық мүдде» деп аталуы өте орынды. Өйткені плюрализм қағидатымен қоғамда түрлі пікір болуға тиіс. Бәріміздің алтын қазы­ғымыз, ортақ құндылығымыз – ұлт­тық мүдде.

Қазіргі геосаяси жағдай да, еліміздегі ахуал да соны көрсетеді. Осы орайда қаңтар оқиғасына тоқтала кетсем. Төңірегімізде болып жатқан ахуалдардан анық байқап отырмыз. Төң­ке­ріс, билікті күштеп басып алу – адам құқықтарына, әділеттілікке жасалған ең үлкен қиянат. Егер қаңтарда төңкеріс жүзеге асқанда, онда еліміз артқа кететін еді. Мемлекетіміздің абыройына нұқсан келіп, созылмалы дертке айналар еді. Президент төңкеріске тойтарыс беру арқылы өзінің демократиялық қағидаттарға, саяси ре­фор­маларға берік екенін көрсетті. Соның жолында табандылық танытатынын айқындап берді. Мұны Жолдаудан да анық аңғардық. Жолдау – Қазақстанның ұзақ мерзімді болашағын айқындайтын стратегиялық қоғамдық құжат.

Осы орайда мына мәселеге назар аударғым келеді. Азаматтық қоғамның клас­сикалық анықтамасының бір көрі­ні­сі – бұқаралық ақпарат құралдары. Бұл мәселеге де Президент Жолдауында ерекше мән берілді. БАҚ туралы жаңа заңды әзірлеу және қабылдау, жур­нал­истердің шынайы бостандығы мен кәсіпқойлығын қамтамасыз ету, елде еркін ақпараттық кеңістікті қалыптастыру – демократияның жолы ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, асыра айтқанымыз емес. Тапсырыспен әлеуметтік желіде немесе бұқаралық ақпарат құралдарында бет жыртысудан мәдениеттілікке, білімділікке көшуіміз қажет. Сондықтан осындай жолайрықта біліктілік, мәдениеттілік, әділеттілік пен жауапкершілік аса маңызды.

Екінші жағынан, осындай басқосу да азаматтық қоғамның көрінісі. Өйткені байсалды әңгіме қазір, әсіресе зия­лы қауымға деген сенімге селкеу түскен сәтте аса қажет. Сондықтан Жаңа Қазақ­стан­да жалтақ емес, жағымпаз емес жаңа зиялы орта өсіп шығуы керек. Жаңа сөз айтылуға тиіс. Қазақстанның бола­ша­ғы­на, келешек келбетіне, ұлттың болмы­сы­на қатысты мәселелерде байсалды пікірталас жүруге тиіс. Сондықтан диалог алаңы атына заты сай, ұлттық мүд­де­ге қызмет ететін үлкен мінберге айна­лады деп сенемін. Сенаттың жанынан құрылуы бұған мүмкіндік беріп, беделін көтереді, маңызын арттырады.