Әлемде болып жатқан жағдайға қарамастан елімізде батыл бастамалар мен аса қажетті реформалар легі Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауында жалғасын тапты.
Жалғасын тапты дегенім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы өзінің сайлауалды бағдарламасында саяси реформалар жасауды атап көрсеткен болатын. Ал содан кейін осы уақытқа дейінгі Жолдаулары арқылы берілген тапсырмалары еліміздегі саяси трансформацияны кезең-кезеңімен іске асырып жатты.
Нақты айтатын болсақ, саяси реформалардың төрт топтамасы іске асты. Ал адам құқықтары туралы оңтайлы әрі өзекті өзгерістерді Президент кешегі Жолдауында ерекше атап өтті. Мұның барлығы сырттағы геосаяси жағдайға қарамай, іштегі экономикалық ахуалды тежегіш көрмей, өзі бастаған демократиялық өзгерістерді кезең-кезеңімен жүзеге асырып келгенін кешегі Жолдау да дәлелдеп отыр. Бұл Жолдауды жариялау барысында еліміздің бүгіні мен болашағы жолында өте жауапты және батыл бастамалар айтылып жатқанын естіп, сол бастамаларды іске асырудың үлкен жауапкершілік жүктейтінін сезіндім.
Жолдауда Парламенттің өкілеттігін арттыруға, мажоритарлық сайлау жүйесін біртіндеп енгізуге, Президенттен бастап, облыс әкімдерін, саяси қызметкерлерді қосымша саяси-қоғамдық, партиялық басқару міндеттерінен босатуға, ел экономикасын дамытуға қатысты міндеттерді сапалы атқаруға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, ел үшін аса маңызды, халықтың көп назар қойғаны сайлау жүйесін түбегейлі өзгерту бағытындағы шараларды сөз етті.
Сонымен қатар өзіме қатты жақын болған жаңалықтың бірі – елімізде үш жаңа облыстың пайда болуы. Бұл сол облыстардың халқына жаңа мүмкіндік береді, өмір сапасының жақсаруына жол ашады. Меніңше, халықтың көптен күткен, елдің еңсесін көтеретін, жаңа белестерге бастайтын бастамалар бұл. Өзгеріс оңайлықпен келмейтінін түсінсек те, Президент әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрғыдан өте маңызды қадамдарға бара алатынымызды көрсетті. Мен өзім зор қуанышпен қабылдаған жаңалықтар көп болды, бұл – Жолдауда.
Бұл жұмыстардың барлығына біздің белсенділігіміз, жігеріміз бен күшіміз аса қажет. Жаңа Қазақстанды құру жолында әрбіріміз сол жауапкершілікті сезініп, әркім өз қолынан келген ісін адал атқарып, елдігіміз бен ұлт мүддесін ту етіп жұмыс істегеніміз абзал. Сондықтан отандастарымды осы жұмысқа білек сыбана кірісуге шақырамын. Қасым-Жомарт Кемелұлының мына бір сөзін өте жақын қабылдадым: «Мен ел халқының ертең емес, бүгін жақсы өмір сүргенін қалаймын!» Бұл бәріміз үшін – үлкен сын. Сын сағаттарда сындарлы іс-әрекеттер жасау халқымызға тән қасиет. Ендеше білек сыбана кірісейік!
Максим РОЖИН,
Ұлттық қоғамдық сенім
кеңесінің мүшесі