Жыл басынан бері үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің отырыстары жиірек өткізіліп келеді. Мұның бір себебі, кезек күттірмей талқыға салатын қызықты жобалардың көбейе түсуі болып отыр. Өңірлік қана емес, одан да ауқымды проблемаларды шешетін жобалардың алға тартылулары аз емес. Солардың ішінде жақында қаралған үш жоба көпшілікті қызықтырды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Өтешев аталған кеңесте баян еткендей “ Номад” ЖШС мойынға артқан астықты терең өңдеу өндірісін құру бұл салада үлкен өзгерістерге қозғау салады. Осы істі атқаратын зауыттың құрылысын кешіктірмей қолға алу үшін фирманың өздері ұсынған жобаның облыстың индустрияландыру картасына енуін қалайтындығы айтылды. Жан-жақты талдану барысында ірі бағдарлама екені білінді. Ол жылына 4200 тонна астықтың құрғақ клейковинасын, сондай-ақ 22800 тонна тауарлы сироп пен 27800 тонна азық қосымшаларын шығаруға мүмкіндік бермек көрінеді. Бұған боса-болмасын тиісті шикізат облыс көлемінен молынан табылады. Мәселен, өңдеу үшін клейковинасы 30 пайыздан аспайтын бидай қажет. Мұның өзі осындай сортты өсіретін шаруа қожалықтарына өнімдерін тікелей өткізуге өте қолайлы жағдай туғызады.
Кеңесте оны іске асыруды мақсат етушілер талабы қолданды. Сонымен қатар технологиялық газдарды тазалау жабдықтарын өндіру және көмір тұнбасын қайта өңдеу жобаларының маңыздылығы да назар аудартты. Мұның алдында қаралғандарымен бірге арасынан ең тиімділерін іріктеу осы айда аяқталады. Таңдалғандары “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша іске асырылады.
Айқын НЕСІПБАЙ,
ҚАРАҒАНДЫ.