Бүгін таңертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Петропавл қаласындағы жылу электр орталығында болған апат салдарын жою жұмыстарының барысы туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Апат салдарынан тұрғын үйлер мен қызметтік мекемелер жылусыз қалған болатын. Әкімнің айтуынша, жұмыс комиссиясы құрылған. Оның құрамына әкімдіктің, ТЖМ-нің және басқа да құзырлы ведомстволардың қызметкерлері, сондай-ақ аталған саланың жобалаушылары мен мамандары енген.Компания басшысы – жылу электр орталығының меншік иесі келеді деп күтілуде. Президент облыс орталығы мен басқа да елді мекендердің тұрғындарын тез арада жылумен қамтамасыз етуді тапсырды», делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Еске сала кетейік, Петропавлда жылу электр орталығының бір мұржасы құлады, зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Жылу жүйесіндегі апатқа байланысты бірден бес қазандық сөндірілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған. Жұмысшылардың біреуі табылмай жатыр.
ЖЭО-дағы түтін мұржасының жартылай құлауына байланысты облыс әкімі жедел штаб құрды. Ол жерде Петропавл тұрғындарын тиісті жылумен қамтуға қатысты барлық іс-шаралар қолға алынып жатыр.
Оқиға орнында бүкіл арнайы қызметтер жұмыс істеп тұр.