Иә, «Семей облыс болмай, көсегесі көгермейді» деп жүрген ел. Несін жасырамыз, шындық солай еді. Бірақ халықтың дәл осы үніне, дәл осы мұңына Президент жуық арада құлақ асып, шешім шығарады деп әсте ешкім ойламаған. Ойламауы заңды да еді.
Себебі екі жылға созылған пандемиядан енді-енді бас көтере бастаған елдің ұнжырғасын қаңтар оқиғасы түсірген. Одан қалса, Ресейге салынып жатқан санкцияның салқыны тиер ме екен деп алаңдап жүрді. «Байтал түгіл бас қайғы» демекші, алағай да бұлағай заманда халық жоғарыға хат жазып, мәселе айтуды ысырып қойған-тұғын. Алайда мемлекетке бас болған соң Қасым-Жомарт Тоқаев елдің мұң-мұқтажын біліп отыр. Оған кешегі халыққа жасаған Жолдауы дәлел. Президенттің «Абай облысы құрылып, орталығы Семей болады» дегенді естігендегі тұрғындардың қуанышын көрсеңіз ғой, алақайлап, бір-бірімен құшақтасып, мәре-сәре болысып қалды.
2022 жылдың 16 наурызы. Семейліктер үшін ғана емес, күллі қазақ елі үшін ақ түйенің қарны жарылған тарихи күн, қарт қаланың жарқын болашағына деген үміт оты жанған күн. Семей халқы Шығыс Қазақстан облысынан бөліндік деп қуанған жоқ, әбден тоз-тозы шыққан рухани қаланың қайта жаңаратынына, өз қазанында өздері қайнайтынына қуанды. Әйтпесе, 1997 жылдан бері Семей қаласында жылт еткен алға жылжу болмаған. Керісінше, өндірісі тоқырауға ұшырап, әлеуметтік мекемелер бірінен соң бірі жабылған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілді мәселелер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының да жағдайы мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз...» деді.
Көпшіліктің көңілінде жүрген пікірді дөп басып айтқан Президентке шексіз риза болған семейліктер алғыстарын жаудырды. Зиялы қауым бірден Абайдың монументіне барып гүл шоқтарын қойды, тағзым етті. Ендігі кезекте Семей тұрғындары береке-бірлік танытып, қаланың даму жоспарын құруға ат салысуы керек. Бұл тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан Семейдің серпіліп кетуіне сеп болады деп ойлаймыз. Сауда-саттыққа, ауыл шаруашылығын дөңгелетуге, туризм саласын дамытуға өте қолайлы өңір. Кәсіпкер, меценат Марат Құрманбаевтың айтуынша, өңірде алдымен мал шаруашылығын дамытуды қолға алу керек.
– Семейді негізінен экономикалық аймақ дейді. Расында солай. Ертеде Жібек жолының Семеймен өтуі де бекер емес. Міне, халықтың арманы орындалды. Енді қаламызды қайтсек дамытамыз деген сұраққа ойланайық. Менің ойымша, алдымен кәсіп ашамын деген азаматтардың бәріне мүмкіндік беріп, зауыт-фабрикаларды іске қосу керек. Кеңес өкіметі кезінде мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп жүйелі дамып жатқан. Бірақ дүркіреп тұрған ет комбинаты жұмысын тоқтатты. Қазіргі уақытта алға қойған мақсатымыз – мал шаруашылығын дамыту. Бос жатқан жерді үлестіріп, кәсіпке ебі бар азаматтарға берілсе деймін. Сонымен қатар олар субсидиялануы тиіс. Семей ертең облыс болса, экономикасын көтеруге жан-жақты мүмкіндік көп. Тек, мемлекет өз кәсіпкерлерімізге қолдау көрсетуі керек. Біз қазір көршілес Қырғызстан мемлекетімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Онда жеңіл өнеркәсіп көш ілгері. Солардың шығарған киімдерін Семейге алып келсек дейміз. Өзбекстан өнімдерін де Семейге жеткізіп, алыс-беріс осында болса жақсы болар еді. Тағы бір басты мәселе – бағаны тұрақтандыру. Оны да жүзеге асыруға болады. Ол үшін ұзақ мерзімге картоп, қырыққабат, сәбіз сақтайтындай мүмкіндігіміз бар. Сөйтіп, бағаны тұрақтандыруға ықпал етсек дейміз, – деді Семей өңірінің жанашыры, кәсіпкер Марат Құрманбаев.
Иә, сөзсіз, Семей халқы енді еңселерін тіктеп, шаруашылықтарды, өнеркәсіпті қайта қолға алулары керек. Әлбетте, оның бәрі әу дегенде оңайға соқпасы анық. Өңір тұрғындары айтпақшы, Семей – республикадағы кедей қала, жұмыссыздықтан да алдыңғы орында тұр. Көшелері қараңғы шаһар екені және рас. Қалай дегенмен, қордаланған проблема шаш етектен. Алайда қолға алынған жұмыстарды да жоққа шығармаймыз. Кейінгі жылдары жолдары жөнделе бастады. Қарағайлы деп аталатын жаңа шағын ауданы бой көтерді. Ең бастысы, Абай облысының құрылатыны, халықты бір қуантып тастады.
– Семей – қай жағынан алып қарасақ та, облыс орталығына әбден лайық қала. Президенттің халық үніне құлақ асып, Абай облысының құрылуына ұйытқы болғанына біз қатты қуандық, – дейді Мәдениет қайраткері Аймұхамбет Бейсембеков. – Кеңес Одағы кезінде Абай ауданында 1 млн қой болған. Семей облысының халқы ауылшаруашылықпен және жеңіл өнеркәсіппен айналысқан. Соғыс кезінде Ресейдің зауыт-фабрикаларын Семейге көшіріп әкелгені де шындық. Шетелге шығаратын көйлек-көншектің бәрі осында тігілетін. Трикотаж зауыты да дүркіреп тұрды. Соның бәрін қайта жандандырса, халыққа жұмыс болар еді. Ет комбинатының бүкіл елді өніммен қамтитындай қауқары бар-тұғын. Осының бәрін қайта қолға алмаса, Семей бұрынғыдай мемлекеттің мойнында отырған дотациялық облыс болып қала бермек. Олай дейтінім, 1997 жылдары Семей облысын жабу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев келіп, активпен кездесті. Біз неге жабылады деп сұрақ қойғанымызда, екі себебін айтып түсіндірді. Біріншісі, Семей толығымен дотацияда отыр, ауыр индустриясы жоқ қала деді. Онысы рас. Отызға жуық зауыт-фабрикалардың бәрі жабылған. Ал Өскеменнің ауыр өнеркәсібі дамыған қала. Яғни мемлекеттің мойнынан босап, Өскемен асырайды дегенге келтірді. Екіншісі, Өскеменнің 7-8 пайызы ғана қаракөздер екенін айтып, санымыздың көбейгені дұрыс деп түсіндірді. Тағы бір айтқаны, облысты ұстау үшін шығатын 47 млрд теңгені Семейге бөліп беретінін жеткізді. Алайда бір жетіден кейін сол кездегі Премьер-Министр Даниал Ахметов келіп, 27 млрд теңге бөлінетінін айтты. Сөйтіп, Семей тараған соң банктердің бәрі филиал болып қалды, көптеген мекемелер жабылды, – дейді А.Бейсембеков.
Ол Семей облыс орталығы болуға лайықты екенін тарихтан тартып та дәлелдегендей болды. Қысқаша айтсақ, Петр патшаның өзі Семейде бекініс көтергені кездейсоқтық емес. Сонау заманда төрт губернияның орталығы болғаны да белгілі. Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Лепсі уездері осы Семейге қараған екен. Жоғарыда айтқандай, сауда-саттыққа, алыс-беріске өте ыңғайлы стратегиялық қала.
Өнеркәсібі, ауыл шаруашылығынан бөлек туризм саласын дамытуға да қолайлы өңір екені бұрыннан айтылып келеді. Тасын түртсең, тарих сөйлейтін киелі өңір. Сонау Шыңғыстаудың қойнауы толған тарихи, танымдық жерлер. 1945 жылы құрылған «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының филиалы ретінде құрылған. Абайдың 100 жылдық мерейтойы кезінде ұлы тұлғаның мекен еткен қыстауы мұражай-үйіне айналып, 1970 жылдан бастап мұражай ретінде құрылған. Бұл кешеннің құрамына Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы, Ахмет Риза медресесі, Бөрлідегі М.Әуезовтің мұражайы, Көкбай Жанатаевтың мұражайы, 2003 жылы Құндызды ауылында ашылған Шәкір Әбеновтің мұражайы, Үржар ауданындағы Әсет Найманбаевтың мұражайы, Құнанбайдың құдығы, Зере мен Ұлжанның зираты, «Абай – Шәкәрім» мазарлы кешені, мазарлы кешеннің мешіті, Мұсақұлдың қыстауы, «Оспан көлі», Кеңгірбай бидің зираты енген. Аумағы 6 400 гектар болатын қорыққа 16 нысан кіреді. Мұнда ұзын-саны 18 255-ке жуық бағалы заттар мен 300-ден астам жәдігерлері сақталған. Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 18 шақырым жердегі Қоңыр әулие үңгіріне ағылып жатқан туристер қаншама?! Ғажап үңгірдің қысы-жазғы температурасы +7 градус. Көл суының да температурасы өзгермейді екен. Айта берсек, тарихи орындар көп. Абай облысы құрылып, жұмыстар жүйеленген соң туризм саласы қолға алынса, саяхатшылар легі арта түсетіні тағы анық. Тіпті Семей қаласының ішінде-ақ туристерді қызықтыратындай тарихи нысандар аз емес.
Айтқандай, Семей өңірінде ауыл шаруашылығы шалқып, жеңіл өнеркәсібі қайта жанданса, қала ертең-ақ гүлденіп, көркейіп шыға келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан жасалатын жағдай өз алдына, әр азамат шынайы жанашырлық танытып, қаланың қарыштап дамуына, облыстың оңалып кетуіне өз үлесін қосуы керек.
СЕМЕЙ