Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көркем галереясында суретші Айдана Мінайдарованың «Күн шапағы» атты жеке көрмесі ашылды. Іс-шара кітапхананың «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Айта кетейік, аталған көрме – жас суретшінің шығармашылық жолындағы алғашқы дебюті, оған акварель және майлы бояумен орындалған 50-ден аса жұмысы қойылды.
Қылқалам шебері көбінесе адамдардың сыртқы келбетін ғана емес, олардың жан-дүниесіне үңіліп, іс-әрекетін бейнелеуге мән береді. Туындыларының бояуы қанық, көз тартып тұрады. Әсіресе, оның шығармашылығында балалардың портреттері ерекше орын алады.
Іс-шараның ашылуында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат Мемлекет басшысы жариялаған биылғы «Балалар жылына» байланысты өтіп отырған көрменің маңызына тоқталып, талантты суретшіге шығармашылық табыс тіледі.
Көрмеге автордың екі айда салған жұмыстарының дені қойылған.
«Ғаламторды өшірген кезде, гаджеттерден бас алмайтын адамдар айналасына зер сала бастады. Мен де жан-жағымдағы барлық жанға назар аударып, жүрегіме жақын дүниені ғана емес, қоршаған ортаға қымбат барлық нәрсені бейнеледім», дейді ол.
Айдана Мінайдарова − қалалық, республикалық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысы. 2017 жылы жағасы мен орамалының авторлық суреті бар аксессуарлар желісін шығарды. Сол жылы суретші арнайы Миландағы көрме үшін AV брендімен бірге дизайнерлік көзілдіріктерді өрнектеді. 2019 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Тайландтағы EURASIAN FASHION WEEK халықаралық алаңында NOSI MOYO қазақстандық брендімен бірге киім топтамасын жасау бойынша суретші әрі дизайнер болып өнер көрсетті.
Сондай-ақ іс-шара аясында көрме иесінің портрет орындаудан шеберлік сағаты өтті.