• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 24 Наурыз, 2022

Елордада Шәмші Қалдаяқов туралы роман-эссе таныстырылды

854 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі қазақ жазушысы және журналист Еркінбай Әкімқұловтың «Шәмші Қалдаяқов - ән патшасы» роман-эссесінің екінші басылымы таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кітаптың таралымы 12 мың дананы құрайды. Оқырмандар шығармамен еліміздің облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларында таныса алады.

Алғаш рет 2012 жылы жарық көрген роман кең аудиторияның құрметіне ие болып, жазушылар қауымдастығында жоғары бағаланды. Кітаптың ерекшелігі - сюжетті басты кейіпкердің атынан ұсыну.

Кітап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен шығарылған.

«Бұл роман алғаш рет 2012 жылы жарық көріп, оқырмандар арасында жоғары бағаланды. Сол жылы Қазақстан Жазушылар Одағы романды Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Бұл кітаптың екінші басылымы ҚР Парламенті бір топ депутаттарының бастамасымен жарық көрді. Мен оларға бұл үшін ризамын. Мәдениет және спорт министрлігіне де осы бастаманы қолдағандары үшін алғысымды білдіремін», деді Еркінбай Әкімқұловтың қызы Құралай Әкімқұлова.

Еркінбай Әкімқұлов пен Шәмші Қалдаяқовтың студенттік жылдардан басталып, композитор өмірінің соңына дейін жалғасқан достығы роман авторына басты кейіпкердің сан қырлы тұлғасын ашуға, оның өмірін барынша шынайы көрсетуге мүмкіндік берген.

Кітапта сол дәуірдегі көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ұлы композитор жұмыс істеген, кездескен және дос болған әйгілі ақындар, жазушылар, актерлер, әншілердің бейнелері де бар.

«Бала кезімде Шәмші ағайдың жиі қонаққа келгені, біз оны Жәмилә апай деп атағанымыз, олардың ақындар мен әдебиетшілер арасындағы сұхбаттары есімде. Біз ұзақ жылдар бойы композитордың үлкен ұлы Қасым Қалдаяқовпен араласып келеміз. Менің әкем бұл кітапты 2007 жылы бастап, 2012 жылы жарыққа шығарды. Қалдаяқовтың шығармашылығы туралы алғашқы мақаласы 1969 жылы «Лениншіл жас» газетінің бетіне шыққан болатын. Бұл кітапта композитордың өмірі туралы көптеген қызықты деректер бар», деді Құралай Әкімқұлова композитор жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп. 

Іс-шарада белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ автордың отбасы мүшелері сөз сөйледі.

«Бұл кітаптың тарихы ерекше. Жұртшылықтың өтініші бойынша екінші басылым жарияланды. Шәмші Қалдаяқовты білмейтін қазақ жоқ. Ол көптеген танымал әндердің авторы ғана емес, сонымен қатар Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі. Еркінбай Әкімқұлов Шәмші Қалдаяқовтың замандасы болған және оған дос әрі шығармашыл адам ретінде жақын болған. Бұл кітапта композитордың өзі туып-өскен ауылдағы өмірінен бастап мансабының шыңына дейінгі өмір кезеңі сипатталған. Еркінбай Әкімқұлов - өзінің жазу стилі бар бірегей жазушы. Өкінішке орай, ол 2019 жылы қайтыс болды. Бүгін осы кітаптың тұсаукесерін оны еске алу үшін ұйымдастырдық. Оның шығармасы өз оқырмандарын табады деп сенемін», деді ҚР Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай.

Кітаптың алғы сөзін жазған саяси қайраткер Қуаныш Сұлтанов та сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

«Еркінбай Әкімқұлов білімқұмар адам болатын. Басқа еңбектерін айтпағанда, оның екі кітабы жақсы мысал бола алады. Біреуі Өзбекәлі Жәнібековке, екіншісі Шәмші Қалдаяқовқа арналған кітаптары», деді Қуаныш Сұлтанов.