• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Наурыз, 2022

Жастар кадрлық резервінен күтілетін үміт көп

336 рет
көрсетілді

Елордада Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерімен кездесті. Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған саяси реформалар талқыланып, оларды жүзеге асыру мәселесі сөз болды.

Іс-шараны кіріспе сөзбен ашқан Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева «Жастар кадрлық резерві» жастар сая­саты үшін ғана емес, мемле­кеттік саясаттағы рөлі де өте маңызды екенін айтты. Сон­дай-ақ бұл бастамаға Мем­лекет басшысы ерекше назар салып отырғанын атап өтті.

«Таяуда Президентіміз өзі­нің кезекті Жолдауын халыққа жария етті. Онда кең ауқымды, терең саяси реформалар айтылды. Бұл қоғамымызды одан әрі демократияландыра түсетін саяси реформалар жиынтығы. Ендігі басты міндет – Президент ұсынған саяси реформаларды қоғам болып бірігіп сапалы жүзеге асыру. Соның ішінде Президенттік кадрлық резервіне артылар сенім, күтетін үміт те зор. Бүгін өздеріңізбен талқылайтын тақырыбымыз да Мемлекет басшысының Жолдауына арналады. Сондықтан Жастар кадрлық резерві мүшелері – өздеріңіздің ойларыңызды тыңдауды жөн көріп отырмыз. Жолдауды қалай қабыл­дадыңыздар? Саяси реформаларды қалай жүзеге асыру керек деп есептейсіздер? Жол­дауды лайықты жүзеге асыруға сіздердің де қатысу­ларыңыз айрықша маңызға ие», деді А.Балаева.

«Сіздердің әрқайсыңыздың атқарып жүрген жұмыс­тары­ңыз халықтың көз алдында. Қоғам сіздерге үлкен үміт артып отыр. Сондықтан арнайы іріктеуден өтіп, Прези­денттің жастар резерві құра­мына қабылданған соң биік деңгейден көріне білу керек. Сіздерге қарап, халық болашақ ел басқаратын лайықты буын қалыптасып жатқанын ұғы­нуы керек. Әрине, жұмыс жасалып жатыр. Енді соны халыққа көрсете білу керек. Кең көлемді ақпарат бере білу қажет. Кездесуде айтылған ұсыныстар, пікірлердің бәрі ертеңгі күні мемлекеттік орган­дардың жұмысын жетілдіруге өз септігін тигізуі керек. Мем­лекетті басқару жүйесі жас­тар буыны сіздер арқылы жанданады. Әрқайсыңызды белсенді болуға шақырамын», деді А.Балаева.

Бұдан кейін сөз кезегін алған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев Президенттік жастар кадрлық резерві мен агенттік жыл басынан бері белсенді жұмысқа кірісіп, қазіргі таңда бірқатар жобаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті.  

«Жақында Жастар кадрлық резервін жетілдіру бойынша шаралар жоспарын қарас­тырдық. Соның ішінде Пре­зи­денттік жастар кадрлық резерві кеңсесі жобасы аясында коворкинг орталықтың қасынан ауқымды кеңсе аштық. Сол жерде кездесулер өткізуді бас­тап кеттік. Бұған дейін Рахым Ошақбаевпен еркін форматта кездесу ұйымдастырдық.

Сондай-ақ резерв мүше­лерін жұмысқа орналастыру бойынша мансаптық өсуін бағалауын қамтитын рекрутинг алгоритмін әзірледік. Ұсы­нылған механизм бойынша мемлекеттік органдар мен квазисектор субъектілерінің бос лауазымдарына орналасу, резерв мүшелерінің мансаптық тілектеріне негізделген мансап картасын агенттік үнемі жаңартып отырады. Оларды мемлекеттік органдар мен квазисектор басшыларына жолдадық. Қазіргі таңда резерв мүшелерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз», деді Д.Жазықбаев.

Спикердің айтуынша агент­­тік мемлекеттік органдар және ұйымдармен келісіп, тиісті кесте әзірлеген. Бұған қатысты жұмыс Үкімет канцеляриясымен келісілген. Соған сәйкес квазимемлекеттік компаниялар мен мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесу ұйымдастырылады. Бұл сәуір айында басталады.

«Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында ота­нымыздың жарқын болашағы үшін тарихи шешімдер саналатын бірқатар бастама ұсынды. Осыған байланыс­ты қойылған жаңа әрі ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға барынша жұмыла қатысамыз деп ойлаймын. Қарқынды даму кезеңі жаңа тәсілдерді, ұтымды ше­шім­­дерді тез қабылдауды қа­жет етеді. Жолдауда бел­гі­­ленген негізгі міндеттер бо­йынша Жастар кадрлық резер­ві өз ұсыныстарын әзірлеп, атал­­ған кездесулерде олар жан-­жақты талқыланып, ұсы­нылады.

Қазіргі кезде жас ұрпақтың көшбасшылары сіздер. Сіздер отанымызға адал қызмет ету жолында барлық күш-жігер­леріңіз бен білімдеріңізді жұм­сайсыздар деген үмітіміз бар. Қалыптасқан жағдайды жаңа көзқараспен бағалап, жаңа идеялар ұсынып, ең бастысы Мемлекеттік аппаратымызды жаңа деңгейге көтеріп, қоғамға үлгі болады деген сеніміміз зор», деді Д.Жазықбаев.

Бұдан бөлек, іс-шарада Президенттік жастар кадрлық резерві мүшесі Айдын Байе­ділов өз ұсыныстарымен бө­лісті. Оның айтуынша, жас­тарды жарқын болашаққа бастайтын білім. Осы орайда, келешек қазіргі таңнан қамданғандарға арналғанын атап өтті.

«Қазақстанда баршасының сапалы білім алуына мүм­кіндігі жоқ екеніне келісер­сіздер деп ойлаймын. Оның деңгейі адамнан адамға қарай өзгеріп отырады. Білімі болу жеткіліксіз. Оны пайдаланып, игілікке жарату қажет. Мемлекеттің ақырғы міндеті – баршаға бірдей мүмкіндік жасау. Бұл өте ауқымды жұмыс. Осы орайда, Президенттік жастар кадрлық резерві осы масатқа қол жеткізуге атсалысады», деді А.Байеділов.

Жиын барысында Пре­зиденттік жастар кадрлық резер­вінің мүшелері өздерінің ой-пікірімен бөлісті. Мәселен, Ербол Төлегенов Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, Жолдау көпшіліктің көңілінен шыққан.

«Менің айналамдағы адамдардың бәріне Жолдау ұнады. Бағыт дұрыс – қоғам­ның саяси реформаларға сұра­нысы бар, оған Президент жауап берді. Әрине, адамдар одан да көп нәрсені қалайтыны белгілі. Бірақ бәрі дәйекті түрде болуы керек. Бәрінен бұрын менің есімде қалғаны мынау. Біз «суперпрезиденттік елден» сот, атқарушы және заң шығарушы билік теңес­ті­рілетін елге айналамыз», деді Ербол Төлегенов.

Ол Конституциялық сот құру бастамасына тоқтал­ды. Оның айтуынша, Конс­ти­туциялық сот – демократиялық қоғамда болуға тиіс өте маңыз­ды орган. Осы орайда, спикер Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қоғам мүшелерін тартудың маңызын атап өтті.

Бұдан бөлек, отырыс барысында Жастар кадрлық резерві мүшелерін тиімді пайдаланып, Қазақстанның дамуына үлес қосуына қатысты көптеген ұсыныс айтылды.