Қазақстан Халық партиясының XIX кезектен тыс съезінде партия басшылығының құрамы өзгерді. Ермұхамет Ертісбаев ҚХП төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚХП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚХП парламенттік фракциясының бұрынғы басшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров төрағаның бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Ермұхамет Ертісбаев партия мүшелеріне сенім білдіргендері үшін алғыс айтып, сенімді толық ақтау үшін күш-қуатын, білімін және саяси тәжірибесін жұмсауға уәде берді.
«Қазақстан Халық партиясы – солшыл-орталық партия. Мен үшін бұл – өте маңызды. Мен өмір бойы социалист болдым», деді ол.
Жаңа төраға қазіргі таңда қазақстандықтардың ҚХП-ға деген сенімі айтарлықтай артып келе жатқанын атап өтті.
«Халық партиясы деген атаудың өзі уақыт өте келе оның мәслихаттарда, Мәжілісте, Сенатта үстемдік ету керектігін меңзейді», деді Ермұхамет Ертісбаев.