Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бойынша жұмыс басталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының «Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру» бағытында 5 іс-шара іске асырылады.
«Бүгінгі күні министрлік Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бойынша жұмысты бастап кетті. Осы жылғы 25 наурызда Премьер-Министрдің өкімімен аталған облыстарды қалыптастыру үшін комиссия құрылды. Комиссияның міндеті - жаңа өңірлерді құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында мемлекеттік органдадың ведомствоаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету», деді ол.
Сондай-ақ министр жауапты орындаушыларды және іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі жұмыс алгоритмі әзірленгенін айтты.
«Алгоритм ұйымдастырушылық-дайындық және жедел іс-шаралар тізбесін қамтиды. Алгоритм аталған облыстар әкімдіктерінің назарына жеткізілді. Жалпы алғанда, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құруды көздейтін «Қазақстан Республикасының әкімшілік- аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығының жобасы осы жылы, жақын арада Президент Әкімшілігіне енгізіледі», деді Әлібек Қуантыров.