• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Мамыр, 2010

БУРАБАЙДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БӘСЕКЕ

513 рет
көрсетілді

Ақмола облысының көркем қойнауында спорттық бағдарлау бойынша “Бурабай – 2010” халықаралық жарыс мәреге жетті. Қазақстан мен Ресейдің таңдаулы спортшылары қатысқан дәстүрлі бәсекені “Нұр Отан” ХДП филиалы ұйымдастырды. Бес күнге созылған байрақты бәсекеде ел облыстарынан және Ресей Федерациясының Сібір, Орал, А­лтай өлкесінен 10 жас пен 60 жас аралығындағы 165 спортшы бақ сынасты. Жарыстың ашылу рәсімінде “Нұр Отан” партиясы орталық аппаратының бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы Спорт­тық бағдарлау федерациясының президенті Владимир Тельнов жұртшылықты құттықтай келіп, спорттың бұл түрі 2011 жылғы VІІ Азия ойындарының бағдарлама­сына енгізілгендіктен, оның маңы­зы еселеп артқандығын жеткізді. “Нұр Отан” ХДП Ақмола об­лыс­тық филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин дәс­түрлі жарыстың бұқаралық сипат алып отырғанын, оның саламатты өмір салтын қалыптастырудағы, жас­тар тәрбиесіндегі маңызды орнын атап өтті. – Спорттың бұл түрі Қазақ­стан мен Ресейде мейлінше дамып отыр, – деді Ғалым Нұрмағам­бет­ұлы. – ТМД елдері арасында көш басында тұрған спортшы­ларымыз халықара­лық додаларда да жоғары табыстарға жетіп жүр. Мемлекет басшысының спортты дамыту сая­сатын қолдаған “Нұр Отан” пар­тиясы көптеген игі істердің ұйыт­қысы болып отыр. Бүгінгі ха­лық­аралық деңгейдегі жарыс алдағы Азия ойындарының дайындық шеңберінде өткізілуде. Сондықтан, жауапкершілік те жоғары болмақ. Сыннан сүрінбей өтулеріңізге тілектестік білдіреміз. Тартысты жарыстың жеңімпаз­дары төрт старт қорытындысымен анықталды. Әйелдер арасында Аста­на қаласының өкілі, халық­аралық дәрежедегі спорт шебері Ольга Новикованың мерейі үстем болды. Осы жерде Ольганың спринтті жүгіруде әлем кубогының қатарынан төрт кезеңінің жеңім­пазы екендігін еске салғымыз келеді. Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның спортшысы Наталья Чуп­рикова екінші, Томь қаласының студенті Галина Брагина үшінші орынды еншіледі. Алматылық Денис Власов Бура­байға Жапониядағы көпкүндік бәсе­ке­ден “тері де қатпай” кел­гені­не қарамастан, бірінші орынды жеңіп алып, “Нұр Отан” ХДП кубо­гын иемденді. Жапонияда Қазақ­стан құрамасы эстафеталық жарыста жүлделі үшінші орынға көтерілген еді. Ресейлік саңлақ спортшылар Алексей Рязанов пен Александр Зе­ленцов марапат тұғырының екінші және үшінші сатысына көтерілді. Сондай-ақ, Антон Земель, На­талья Ташкина, Антон Накат­ков, Әсем Назырова, Бинали Ос­манов же­­тек­ші партияның жүлде­лерін иеленді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы. ӘЗІРШЕ СӘТСІЗ ОЙНАУДАМЫЗ Германияда шайбалы хоккей­ден әлем чемпионаты өтіп жатыр. Оған Андрей Шаянов жат­­тықтыратын еліміз­дің бас құрама командасы да қатысуда. Біздің команда “А” тобында бақ сынасуда. Дүбірлі доданың күнтіз­бесіне сәйкес, Қазақстан құрама командасы алғашқы ойынын ма­мыр­дың 9-ында Беларусь құра­ма­с­ымен өткізді. Одан кейін мамырдың 11-інде Ресей хоккейшілерімен кез­десіп, мамырдың 13-інде слова­кия­лық­тармен бақ сынасты. Өкінішке қарай, еліміздің ұлт­тық құрама команда­сы алғашқы кездесуінде Бела­русь құрамасы­нан 5:2 есебімен жеңіліп қалды. Ал Ресей құра­масы өзінің бірінші кездесуінде Словакиядан 3:1 есе­бі­мен басым түскен болатын. Біздің ұлттық құрама командамыз Беларусь, Словакия және Ресей ко­ман­далары кіретін “А” тобында өнер көрсетуде. Қазақстандық хоккейшілер мамырдың 11-і күні өткен ке­зекті ойынында Ресейдің құрама­сынан 1:4 есебімен ұтылды. Ойын­ның 11-ші минутында есеп­ті Ресей құрама команда­сының танымал шабуылшысы Александр Овеч­кин ашты. Ойынның екінші ке­зеңінде, атап айтқанда 21-ші ми­нутында Илья Ковальчук, 38-ші мину­тында Александр Семин Қа­зақ­стан құр­а­ма­сының қақпа­шы­сы Вита­лий Еремеевті қапы қалдыр­­ды. Ал ойынның аяқта­луына 15 минут қалғанда Ресей команда­сының қорғаушысы Денис Гре­бешков қазақстандық­тар қақпа­сына төртінші шайбаны соқты. Қазақстандықтар болса, ойын­ның аяқталуына небәрі бірнеше секунд қалғанда жалғыз шайбамен есепті сәл қысқарта алды. Оның ав­торы – Дмитрий Дударев. Бұрнағы күні Швейцария құра­масымен таяқ түйістірген қазақ­стандықтар тағы жеңілді. Есеп – 5:1. Жандос МЕДИМАНОВ.