• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Наурыз, 2022

Украина-Ресей: Келіссөздер жүргізілуде

288 рет
көрсетілді

Ыстанбұлда Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің кезекті раунды басталды. Жиынға Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған да қатысты. Кездесу барысында атысты тоқтату, Ресей әскерін ел аумағынан шығару секілді мәселелер талқылануда. Ал Украинада ұрыс әлі де жалғасып жатыр.

Кездесуді ашқан Р.Ердоған Украинаның да, Ресейдің де Түркия үшін маңызы зор екенін айта келіп, бұл келіссөздер екі мемлекеттің басшысының кез­де­суіне жол ашатынын жет­кізді. Түркия да жоғары дең­гейдегі ке­ліссөздер алаңын ұсынуға да­йын. Сондай-ақ Р.Ердоған ке­ліссөздерден нақты нәтиже шы­ға­ратын кез келгеніне екпін берді.

Бұл жолы Украина делега­ция­сының құрамына президент кеңсесі басшысының аймақтық саясатқа жауапты орынбасары Кирилл Тимошенко қосылған екен. Ресей делегациясын пре­зи­денттің көмекшісі Владимир Мединский бастап келді. Сондай-ақ келіссөзге ресейлік миллиар­дер Роман Абрамовичтің де кел­ге­ні белгілі болды. Түркия те­леар­налары таратқан видеода оның президент Реджеп Тайип Ердо­ғанның баспасөз хат­шысы Ибрагим Калиннің жа­нында отыр­ғаны көрсетілген. Украи­на­дағы қақтығыс басталғалы Р.Абра­­мо­вич Мәскеу мен Киев ара­сында арағайындық танытып, екі жақ­ты татуластыруға талпынып жүр.

Үзіліс кезінде Украина прези­ден­ті аппараты басшысының кеңес­шісі Михаил Подоляк қа­зір­гі таңда бірқатар маңызды мә­селе бойынша консультация­лар жүріп жатқанын жеткізді. «Қазір бірнеше маңызды мәселе бойынша қарқынды консультациялар жүріп жатыр. Ең бастысы – Украинаның халықаралық қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы келісім. Осы келісім арқылы ғана соғысты Украинаға қолайлы тұрғыда аяқтай аламыз», деді М.Подоляк. Оның айтуынша, де­ле­гациялар талқылап жатқан тағы бір өзекті мәселе – атысты тоқтату. Осы арқылы барлық қордаланған гуманитарлық проблемаларды шешу. «Тағы бір үлкен мәселе – соғыстың өршуі, өшпенділіктің күшеюі, ұрыс даласында ғана емес, соғыс жүргізудің тәртібі мен ережелерін бұзудың күшеюі», деді ол.

Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу ұзақ уақыттан кейін медиа алаңға қайта оралып, Ресейдің Украинадағы басты міндеті орындалғанын жеткізді. Оның айтуынша, ендігі міндет – Донбасс аймағын «азат ету». «Операцияның бірінші кезеңінің негізгі тапсырмалары орындалды. Украина Қарулы күштерінің жауынгерлік әлеуеті айтарлықтай төмендеді. Осылайша, енді басты назарымыз бен күш-жігерімізді басты мақсатқа – Донбасты азат етуге жұмылдыруға мүмкіндік алдық», деді С.Шойгу.

Дегенмен сарапшылар С.Шой­гу­­дың сөзі Кремльдің Украина­дағы сәтсіздігін жуып-шаюға талпынысы деп есептейді. Яғни бас­тапқы көздеген мақсаты Киев­ті тізе бүктіруге қол жет­кі­зе ал­­ма­ғандықтан, осындай шек­теу­­лі міндет қойып отыр. Бұл сөз­дің жаны бар. Бұқаралық ақ­па­рат құралдарында тараған мәлі­метке сүйенсек, қазіргі таңда Ресей әскері 17 мыңнан астам жауынгерінен айырылған. Бұл қаза тапқандары ғана. Жараланғандар бұдан да көп.

Ұлыбританияның қорғаныс министрлігі Украинадағы жағдай туралы өздерінің соңғы барлау есебін жариялады. Онда украин күштері Киевтің сыртында қарсы шабуылдарға шығып, бірқатар жерде Ресей әскерін тықсырып тастағанын мәлімдеді. «Украина күштері Киевтің солтүстік-ба­ты­сында, соның ішінде Ирпен, Буча және Гостомельде қарсы ша­буылға шығуды жалғастырды. Бұл шабуылдар сәтті аяқталып, ресей­ліктер бірқатар позициядан артқа шегінді. Дегенмен Ресейдің бұл бағытта әлі де соққы беру мүм­кіндігі бар. Ресей күш­тері Ма­риупольге шабуылын жал­ғас­ты­рып, қаланы үздіксіз атқы­лап жатыр. Бірақ қала орта­лығы әлі де Украинаның бақы­лауында. Басқа жерлерде Ресей әс­кері өз күштерін қайта топ­тас­­тырып, позицияларын сақ­тап қалу­ға тал­пынып жатыр», де­лінген баян­дамада.

BBC арнасының хабарлауынша, Ресейдің 24 ақпанда басып кіруінен бері 60-тан астам ук­раи­на­лық шіркеу мен діни ғи­ма­рат қирап, 733 оқу орны за­қым­данған. Сондай-ақ осы уа­қыт­қа дейін бар­лы­ғы 144 бала қаза тауып, 220-дан астамы жараланған.