Елімізде соңғы екі ай ішінде полиция қызметкерлері 378 есірткі қылмысын анықтап, 7 зертханасын жойған. Тіркелген қылмыстардың 248-і есірткі заттарын өткізуге, 85-і аса ірі мөлшерде сақтауға қатысты.
Қаңтар және ақпан айларында есірткі қылмысымен күрес жүргізетін полицейлер 422 кило есірткі, оның ішінде 196 кило гашиш, 213 кило марихуана және 6 килодан астам синтетика тәркілеген. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Бақытжан Әмірхановтың мәлімдеуінше, қазірдің өзінде заңсыз айналымнан алынған синтетика көлемі 40 килоға жуықтаған.
Интернеттегі есірткі саудасын анықтап, қылмыскерлерді әшкерелеу үшін енгізілген «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі де өз нәтижесін көрсетіп отыр. Бұл жүйе Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне осындай интернет ресурстарды бұғаттау үшін сілтемелерді автоматты режімде жіберуге мүмкіндік береді. Мәселен, жыл басынан бері Ақпарат министрлігіне осындай 440 интернет ресурс, оның ішінде 150-ден астам телеграм арна бұғаттауға жіберілген. Сондай-ақ ІІМ интернет әлемін жаулап алған есірткі саудагерлерінің заңсыздықтарын дер кезінде әшкерелеу мақсатында білікті IT мамандарын тартып, ішкі істер органдарының техникалық әлеуетін нығайтуға ден қойып отыр. Осыған орай Astana IT Universit-мен қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы бағдарламалар мен деректер базасын әзірлеуді көздейтін ғылыми-зерттеу саласындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылған. «OLX Group сияқты ең танымал платформалармен өзара іс-қимыл жасауға да ерекше мән беріп отымыз. Соның арқасында биыл курьерлік жұмыстың атын жамылып есірткі саудалаған 50-ден астам хабарландыру алынып тасталды. Мұндай жұмыстар қазіргі таңда Telegram серверінің қазақстандық нұсқасымен де жүргізілуде. Telegram арнасында да есірткіні жасырын сатумен айналысатын 440 чат анықталды», дейді ІІМ өкілі.