Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында Қазақстанның әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына байланысты бірқатар стратегиялық маңызды міндеттер, халықты толғандырған мәселелерді шешу жолдары айтылды.
Қазақстанның азаматы ретінде, ана ретінде, қоғам өкілі ретінде мені де елімнің бүгіні мен болашағы ойландырады, мазалайды. Осы орайда Президенттің «Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан құндылық жоқ» деген сөзі ұнады. Өскелең ұрпақ тәрбиесімен шұғылданып жүргендіктен, «Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді», деген Президенттің сөзінен мемлекеттің болашақ азаматтарын, қоғамның болашақ өкілдерін – жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мәселесіне назар аударудың маңызын терең сезіндім.
Президенттің бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда», деген сөзімен толық келісемін. Айналаң өзгерсін, қоғам өзгерсін, ел өзгерсін десең, сынап-міней бермей, әрбір азамат «Осы кемшілікті түзеу үшін мен не істей аламын, не істеп жүрмін?» деген оймен өзгерісті өзінен бастаған жөн.
Бұл Жолдаудың билік үшін де, халық үшін де жүгі ауыр. Қазақстанның болашағын, ел келешегін ойласақ, «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек. Әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», деп Әлихан Бөкейхан айтпақшы, билік те, халық та арқамыздағы ауыр жүкті бірлесе жұмыла көтеріп, кейінгі ұрпаққа тұғырлы тәуелсіздігі бар, кемел мемлекет қалдырып кетуіміз керек.
Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
этнология магистрі,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Нұр-Сұлтан қаласы Аналар кеңесінің мүшесі