• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Наурыз, 2022

Өтелсары

1695 рет
көрсетілді

Біздің үйде бір қолайна болды. Күміс жалатылған, қа­лың еді өзі. Апамның бала, бал­ғын күнінен бері бар екен. «Өтел­сарыдан алған айнам» дейтін. Өтелсары деген кісі есімі ме, дүкен бе, ол жағын бұрын сұ­рамаппын.

Тоқсаныншы жылдардың белор­тасында нағашыларымның қолында оқыдым, құлансүйекті кейуана – кең шапанды, шапанының астына шиеттей бала-шағаны басып, кірпіш нанға талонсыз жұрт кіріптар тұста, ақбалқаш деген ас қайнатып, өлместің күнін кешуші еді. Бақуатты тұрған кісілер жекешелендіру тұсында совхоздың малын өткізіп, одан кемшін шығып, қолда бардың бәрін белгісіз біреулердің бөтегесін томпайтып, ықылық атқанша ынды­нына құйып, екі сиыр, бір жыл­қымен құмның ішінен қала маңына, сарыөрік өсетін сарыжұртқа келіп қонып жатқан еді. Ірі қараның екеуі көктемге іліккенше жерсінбей, жү­деп өлді, бірін – біз жедік. Келер жылы керден кесеге ақбалқаш құйып жүргеніміздің сыры сонда.

Бала күнімізде, деуші еді әжем, бір уыс бидайды үгіп, оны суға қайнатып, ұннан ботқа жасап іш­тік. Ақбалқаш деген ас сол екен. Ашар­шылық жылдарындағы ас қой. Кей қоңсы кебіс қайнатып ішуші еді, дейтін жарықтық әжем.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қырдағы қазақ қиқу салып, жылқы қуыпты. Қалың жылқы шұрқырап қу жаны үшін андағайлап қашпаса керек, құй­рық-жалы үшін қашыпты. Құй­рық-жалы күзелген жануар соқыр аттай шошайып, көзге қораш, көңіл­ге оғаш көрінеді екен.

Жануардың құйрық-жалын күзеуге пәрмен берген КСРО-ның Халық Сауда комиссариаты еді. Жиырлының жалпақ даласында 24 миллион бас жылқы бар, соның құйрық-жалын күзеп, қырғын жыл­қы қылын Батыс жұртына өткізсек, алтынмен апталамыз, сол алтынға түркен трактор сатып аламыз да, қарық боламыз деп білсе керек.

Жылқының қылы жарылқай қоймаған соң, Батыс жұртына құрым киіз, құрыған бұйым, тозығы жеткен темір-терсек, ақсөңке болған сүйек-саяқ, қобырап жатқан қалың қағазды өткізбекке ұйғарады. Әрі өткізеді, әл жинайды. Тозған бұйымды сатып алған тор есіктің арғы жағындағы жұрт, оны қайта өңдеп, өз игілігіне жаратыпты. «Қоқысты алтынға айналдырайық» деген ұран сонда шыққан болып тұр.

Өткен заманның адамдары өтелсары келеді десе, кейінгі жұрт­тың балалары шара-бараны күтіп шуласатын, ал біздің балалық шақ ауыл-ауылдағы темір-терсекті Шығыстағы жұртқа шығарып берушілердің санатында болды. Тоқсаныншы жылдары батпан-батпан темірді Қытай алды. Қара темір қара бақыр тиынға кетті. Мысың бар, жезің бар, аллюминий, тағы не керек, түгел жиып, тиын-тебенге бердік.

Ауылдағы ақсирақ балалар дала кезіп, темір тердік. Содан түскен тиынға сағыз алғамыз жоқ. Тері өт­кіздік, тәтті жегеміз жоқ. Нан алдық.

Ең сорақысы, арқадан ауған ақбөкенді – арда жануарды мүйізіне бола қырып салды. Оны да Қытай алды. Теңкиіп-теңкиіп өліп жатқан текті жануарды бір теуіп өте шықты тоқсаныншы жылдар.

Осы менен біреу кеңес балалары мен тоқсаныншы жылғы балалардың қандай ұқсас ойындары болды деп сұраса, екеуін айтар ем: қоқыс жинау мен соғыс ойнау. Біз ол ойындардан есейіп кеттік, ес жиып үлгердік, ал кейбір елдегі сол балалардың ойыны әлі қанбаған секілді.

Қайыр, апам күміс жалатылған қалың қолайнасын құрым киізге өтелсарыдан алған болды. Өтел­сарымыз – кәдімгі, утильсырья екен. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары КСРО-ның қоқысын сатып алған Батыс елдері оны шын мәнінде алтынға айналдырды. Қытай мен өткізген үшаяқты «Балдырған» велосипедін, әрине, сынған соң, жаңа велосипедке айналдырып, қайта біздің нарыққа алып келді. Оны балама сатып алып бердім.