2022 жылғы 25 наурызда ҰҚК қарсыбарлау қызметі Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысына және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған шетел барлау агенті А. есімді ҚР азаматын ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Ұсталған азамат арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасауды жоспарлаған.
Тінту барысында шетелде шығарылған дыбыс өшіргіші бар снайперлік винтовка, есірткі заттары және ірі ақша сомасы тәркіленді. Қару Қазақстанға кәсіби жасырылған түрде бөлшектелініп әкелінген.
Бұдан өзге, А. әлеуметтік желілерде тиісті материалдарды жариялау арқылы Ресейге қарсы үндеуді насихаттау және қоғамда русофобтық көзқарастарды тудыру тапсырмаларын орындаған.
Алдын ала тергеу барысында ҚР азаматы шетел мемлекетінің тапсырмасы мүддесінде әрекет еткенін мойындады.
Қазіргі кезде ҰҚК Қылмыстық кодекстің 24-бабы 1-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 255-бабы 4-бөлігінде (терроризм актісі) көзделген қылмысты жасау фактілері бойынша тергеу жүргізуде.