• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2022

Ауылдарды газдандыру ақсап тұр

328 рет
көрсетілді

Amanat-тың Партиялық бақылау комитеті Энер­гетика министр­лігіне газдандыру бағдар­ла­масын пысықтауды ұсынды. Партиялық бақылау комитетінің отырысында өңір­лерді газдандыруға қатысты сұрақтармен қатар, интер­нат­тардағы балаларға қолайлы жағдай жасау мәселесі қаралды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы 146 жобаны жүзеге асыру үшін 51,3 млрд теңге қарастырылып, сол жобалардың 39-ы пайдалануға берілген. Биыл 38 жобаны аяқтау үшін бюджеттен 45,8 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген.

Бұл ретте партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларын, сондай-ақ 900 мыңнан аса халқы бар 246 ауылды газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Сарыарқа» магистральды газ құбыры белгіленген мерзімде пайдалануға берілді. Алайда тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын аяқтау мерзімі үнемі кейінге шегеріліп келеді. Желілерді жоспарлау және жобалау кезеңінде де айтарлықтай кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Соның салдарынан қазірдің өзінде кейбір өңірлерде газ құбырлары қуатының тапшылығы бар. Газбен жабдықтау желілерін салу жобалары 2019 жылғы бағаны ескере отырып әзірлен­гендіктен ол түзетуді қажет етеді. Биыл іске асыру үшін жоспарланған жобаларды пайдалануға беруді кейінге қал­дыру және қаражат жеткілік­сіздігі орын алу қаупі бар», деді комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Артур Платонов.

Комитет мүшесі Мирас Шекенов Түркістан облысының Бәйдібек ауданында құбырлар тартылып біткенімен, 7 ауылға газ жүргізілмегенін атап өтті. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында бүгінге дейін ауыл ішінде желілерді салуға қаржы бөлінбеген. «Шымкентте «Асар 2» және «Алтын төбе» аудандарын газдан­дыру жұмыстары тек есеп беру үшін жасалған. Себебі мұнда тұрғындарға газ беріл­гені туралы БАҚ, әлеумет­тік желілерде жария етіп, кейін өшіріп тастаған. Қазір олардың газды қалыпты пайдалануға мүмкін­діктері жоқ», деді М.Ше­кенов.

Жиында Энергетика бірін­ші вице-министрі Мұрат Жү­ребеков газ саласындағы жұмыстардың қазіргі және алдағы жағдайы жайлы хабарлады. Мәселен, егер бұрын Қытайға газ жеткізуден түскен пайда QazaqGaz-дың ішкі нарықтағы шығындарын жапса, экспорт көлемі азайған кезде шығын 60 млрд теңге шамасында деп болжануда.

Түркістан, Шығыс Қазақ­стан және Қарағанды облыс­тарындағы мектеп-интер­нат­тардағы балаларға тиісті жағ­дайды қамтамасыз ету бо­йынша жүргізілген тексеру қо­рытындысы туралы партия жа­нындағы Отбасы және ха­лықты әлеуметтік қорғау мәсе­лелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Динара Зәкиева баяндады.

Д.Зәкиеваның айтуынша, Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы С.Сейфуллин атындағы №12 мектеп-интернаты апатты жағдайда тұр. Мектепке 70 жылға жуық уақыт жөндеу жүргізілмеген. Интернатта 61 бала білім алғанына қарамастан, штатта екі-ақ тәрбиеші жұмыс істейді. Шымкенттегі есту қабілеті төмен балаларға арналған №2 мектеп-интернатына шұғыл түрде жаңа ғимарат салу керек. Балқаш көлінің іргесіндегі Шұбартүбек ауылында ауызсу тапшылығынан жұмысы тоқтап тұрған жазғы сауықтыру лагері орналасқан. Ал суды тұщыландыратын құрылғыны сатып алу үшін 30 млн теңге қаражат қажет.

Қоғамдық кеңестің төрағасы бұл мәселе өткен жылдың қазан айында Партиялық бақылау комитетінің отырысында қаралғанын атап өтті. Сол кезде Білім министрлігіне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға әрбір интернат бо­йынша анықталған мәселелерді шешудің нақты мерзімдері мен жолдарын қамтитын егжей-тегжей жоспар әзірлеу ұсынылды.

Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова аулалардағы дәретханалар мәселесін көтерді. Білім министрлігінің мәліметінше, республика бойынша көше дәретханалары бар 167 мектеп болса, бұл көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. «Ерекше балаларға қатысты мәселе әрқашанда өткір. Мысалы Алматы облысының Сарқан қаласында ақыл-есі бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат бар. Олар тұратын жерде ешқандай жағдай жасалмаған, оқу ғимараты жоқ, асхана апатты жағдайда тұр, ал дәретхана көшеде 10 минуттық жерде орналасқан. 2020 жылы жылытылған дәретхана салынды, алайда жарамсыздығына байланысты жабылып қалды. Кәріз жүйесі дұрыс емес. Уәкілетті органдардан мәселені жедел шешу үшін шаралар қабылдауды сұраймын», деді депутат.

Партияның өңірлік филиалдары мен партиялық бақылау комиссияларына интернат мекемелерінде анықталған қолай­сыздықтарды жою үшін жұмыс жоспарларын әзірлеу, оны нақтылап, өңірлерде жүзеге асыру жұмыстарына кешенді тексеру жүргізу тапсырылды. Тексеру қорытындысы бо­йынша заң бұзушылықтар, олқылықтарға жол берген немесе формальды қараған жағ­дайларда кінәлі партия мүше­лерін, жергілікті уәкілетті мем­лекеттік органдардың жауапты қызметкерлерін партиялық жауапкершілікке тартуға қатыс­ты мәселе де сөз болды.