Облыста өткен инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысында 2026 жылға дейін жүзеге асырылатын өңдеу өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобалар таныстырылды. Метанды баламалы жанармай түрінде пайдалану мен Keremet Arena спорт кешені жайлы айтылған отырыста облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа инвестиция толқынын тарту және жұмыс орындарын ашу, импортқа тәуелділіктен арылу үшін өңірде өңдеу өнеркәсібі саласында ірі 21 инвестициялық жоба қолға алынатынын жеткізді.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевтің айтуынша осы жылы құрғақ құрылыс қоспалар өндірісі, 2 құс фабрикасы, балық өңдеу цехы және ет комбинаты секілді жобалар жүзеге асады. Жалпы құны шамамен 11 млрд теңгеге бағаланып отырған осы 5 жоба іске қосылғанда 400-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.
Жиында «Управление механизированной добычи» ЖШС директоры Бақыт Жәнібеков сығылған табиғи газды автомобильде қолданатын пропан газы, бензин, дизель отынына балама тауар ретінде дайындау туралы ұсыныс көтерді. Бұл баға жағынан да тұтынушылар үшін тиімді болмақ.
Кәсіпкердің айтуынша, магистральды газ құбырлары желілері бұл идеяны іске асыруға толық мүмкіндік береді. Оның үстіне қалаішілік, қалааралық газ құбырлары да қолжетімді және инфрақұрылым аясы кең. Қызылордадан бастау алған бастама нәтижелерін басқа қалаларға да таратуға болады.
Аймақ басшысы жобаның өзектілігін ескере отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өте маңызды екенін атап өтті.
– Жобаны шикізатпен қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселесін пысықтау қерек. Осыған байланысты, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына мұнай компанияларымен осы жобаны іске асыруды талқылау жөнінде кеңес ұйымдастыруды тапсырамын. Қажетті шикізат көлемі мен қаржыландыру мәселелері шешімін тапқан жағдайда, жоба бастамашыларына мемлекет тарапынан берілетін қолдау шараларын ұсыну қажет, – деді Г.Әбдіқалықова.
Мұнан кейін «Тех Сервис»ЖШС директоры Марат Жаппарбергенов Keremet Arena спорт кешені жобасын таныстырды. Құны 1 млрд теңге құрайтын кешенде бір күнде 150 адам спортпен шұғылдана алады. Аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновке жобаны қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырып, бұл бастаманың әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарын кешенді түрде жалғастыруда маңызы зор екенін айтып өтті.
Қызылорда облысы