Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі және Жәнібек аудандарында көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланып, зардап шеккендерге көмек ұйымдастырылуда. Өңірге Маңғыстау мен Атырау облыстарынан 100-ге жуық құтқарушы жәрдемге келді.
Қазір облыста су тасқыны кезінде халыққа көмек көрсетуге арналған волонтерлік штаб құрылды. Қаратөбе, Жәнібек, Шыңғырлау және Бөрлі аудандарының әрқайсында 30 адамнан құралған волонтерлік топтар қызмет атқаруда. Сонымен қатар Орал қаласында да 100-ден астам ерікті көмек көрсетуге дайын. Штаб халықтан киім-кешек, тез бұзылмайтын тағамдар, дәрілік және жеке гигиеналық заттар және басқа да алғашқы керек заттарды қабылдап, зардап шеккендерге жеткізуді ұйымдастыруда. «Ақжайық» жеке қорына ел-жұрттан ақшалай қаржы да жиналып жатыр.
«Amanat партиясының тарапынан депутаттардың және филиал қызметкерлерінің көмегімен 4 сәуір күні таңғы 9-ға дейін 1 199 027 теңге жиналды» деп хабарлады партия филиалының өкілі Гауһар Шайхиниязова. Айта кету керек, Мәжіліс депутаттары да көмек қолын созған.
Сәуірдің 4-і күнгі түске дейінгі мәлімет бойынша облыста 140 үй, 2 әлеуметтік нысанға су кіріп, 168 бас мал шығын болғаны хабарланды. Су басқан үйлерден 751 адам көшірілген, оның 215-і – балалар. Дәл қазір 6 ауданда су тасқынының алдын алу үшін 770 адам, 100-ге жуық техника жұмылдырылған. Бұлардың ішінде Маңғыстау облысынан келген 43 адам, Атырау облысынан келген 49 құтқарушы бар.
Жәнібек ауданы
3 сәуірде Ресей шекарасы жағынан даладан келген қарғын су Жақсыбай ауылының 97 үйіне кіріп кеткен еді. Қазір су деңгейі түскен, бірақ 53 үй әлі су ішінде тұр. Қауіпті жерден 639 адам көшірілген. Оның 305-і ауылдағы орта мектептің үш қабатты ғимаратына уақытша орналасты. Тілсіз жаудың кесірінен ауылда 39 сиыр, 68 қой-ешкі, 1 жылқы өлген. Қазір халыққа материалдық зардап шығындарын қалай есептеу керектігі жөнінде заң талаптары түсіндіріліп жатыр. Осы ауданның Талов ауылында да 2 үй су ішінде қалған еді. Мұнда тұратын 8 адам да қауіпсіз жерге орналастырылды. Жақсыбай ауылында тұратын аяғы ауыр екі келіншек «Қазавиақұтқару» мекемесінің тікұшағымен қауіпсіз жерге көшірілді.
Шыңғырлау ауданы
Шыңғырлау өзенінің деңгейі 3 сәуірде қауіпті шекке дейін көтеріліп, Ақшат ауылындағы 7 үйді басып қалу қаупі төнді. Жедел құм салынған қапшықтармен бөгеліп, кезекшілік ұйымдастырылды. Су ағынына кедергі болған мұз ойылып, ауылдағы 50 сиыр, 50 жылқы, 39 қой-ешкі қауіпсіз жерге айдалған. Аудан аумағындағы Шыңғырлау-Шоқтыбай, Шыңғырлау-Талдысай дала жолдарының, Алмаз ауылына кіреберіс бөгет-көпірдің бұзылғанын бұрын хабарлаған едік. Бұл жолдарды қалпына келтіру тасқын қаупі сейілген соң қолға алынады. Алмаз ауылында құлаған қораның астында 15 уақ жандық (қой-қозы) өлген. Су басқан тұрғын үй жоқ.
Қаратөбе ауданы
Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын ауылында болған табиғи апат туралы бұдан бұрын хабарладық. Еріген қар суы мен Шилі өзені деңгейінің көтерілуінен ауылда 29 үй, мектеп пен дәрігерлік амбулатория суға кетті. 45 қой-ешкі өлді. Қазір су ақырын шегініп келеді. Ауылдан 96 адам, соның ішінде 50 бала Орал қаласына, Қоскөл ауылына көшірілді. 3 сәуір күні аудан орталығы Қаратөбе кентінде де Қалдығайты өзені күрт көтеріліп, шеткі үйлерді су басу қаупі төнген. Бұл жерге кезекшілік ұйымдастырылып, жағалау 3 мың қапшық құммен, топырақпен бекітілді. Оқиға орнында жергілікті төтенше жағдай мекемесінің қызметкерлері жағдайды күні-түні бақылауда ұстап отыр.
Бөрлі ауданы
3 сәуірде күні түнде Кеңтүбек ауылдық округіне қарасты Бақтыарал ауылын Шыңғырлау өзенінің суы басып қала жаздағанын бұдан бұрын да хабарлаған едік. Қауіп төнген тұрғын үйлерден 20 адам қауіпсіз жерге шықты. Кезекшілік ұйымдастырылып, қауіптің беті қайтты. Масайтөбе ауылы маңында бөгелген мұз сеңін төтенше жағдай қызметкерлері бұзып, елді мекенге төнген қауіпті сейілтті.
Тасқала ауданы
Тасқала ауданында су басу қаупі бар жерлер құм салынған қапшықтармен бекітіліп, су жолдары қар мен көлденең заттардан тазартылып жатыр. Жедел штабтың мәлімдеуінше, қазір 1 100 қап құм қойылып, 2 560 текше метр су сорылған. Деңгейі күннен-күнге көтеріліп келе жатқан Деркөл өзені үнемі бақылауда.
Теректі ауданы
3 сәуірде кешкісін Теректі ауданында республикалық маңызы бар Орал-Орынбор автожолының бір бөлігін еріген қар суы басты. «ҚазақАвтоЖол» мекемесінің қызметкерлері күшімен жол жиегі инертті материалдармен, құм салынған қаптармен бекітіліп, жол қозғалысна нұқсан келмеді. Су ағуы 4 сәуір күні түнде тоқтады.
P.S. Өңірдегі негізгі су қоймалары, өзен-көл деңгейі ұдайы бақылауда. Әсіресе Тасқала мен Бәйтерек аудандары, Орал қаласының маңы ерекше назарда. Айта кетейік, аталған солтүстік аудандардың қары енді-енді ери бастады. «Қазгидромет» мекемесінің хабарлауынша, облыстың көп жерінде жаңбыр жауады. Ауа температурасы түнде 5-10, күндіз 10-15 градус жылылықты көрсетіп тұр. Күн райын болжаушылар 2-6 сәуір аралығында өзен-көлдердің деңгейі көтеріледі деп ескертіп отыр.
Батыс Қазақстан облысы