• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 05 Сәуір, 2022

Сахнада – «Жолдан тайғандар»

477 рет
көрсетілді

Жуырда «Астана Балет» сахнасында қазіргі заман биінің дауылпазы Иржи Килианның Стивен Райх музыкасына қойған «Жолдан тайғандар» хореографиялық миниатюрасының премьерасы өтті. Қоюшы-хореограф – Стефан Жеромски. Өнер ұжымы Килианның даңқын әлемге жайған ақ-қара түсті балет ішіндегі танымал туындысын сахналады.

Айта кетейік, бұл – театрдың биылғы алғашқы премьерасы. Театр директорының айтуынша, әлемнің әйгілі театрлары чех философ-хореографының балетін репертуарына қосуға асық. «Килиан туындысының репертуарымызға енгені біз үшін зор құрметпен қатар, орасан жауапкершілік әрі балет труппасының кәсіби шеберлігін мойындаудың белгісі. Оның өнер туындылары интернациналды әрі өзектілігін жоймаған, заманауи дүниелер», деді Александр Совостьянов.

«Жолдан тайғандар» туындысында, дауылпаз соққысымен сахнаға атып шыққан бишілер осы ырғақтың әсерімен қимыл­дап, көрермен қауымды ұйытып әкетеді. Дауылпаздың әр соқ­­қысы – ішкі импульс іспетті. Дауыл­­паздың сан соққысының ішінен бір ырғақты тапқандай көрінгенде, ол үзіліп кетіп, басқа әуен басталады.

«Атақты хореографтың ассистенті Стефан Жеромскидің жетекшілігімен театр әртістері қысқа мерзім ішінде өзіндік «килиан стилін» меңгеріп алды. Ол классикалық шеңберден тыс шығып, біздің әртістер үшін үйреншікті бидің формасынан асып түскен. Бишілер күрделі хореографияны меңгеріп қана қойған жоқ, өздерінің дербес келбетін де сақтай алды», дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Ал Стефан Жеромски бұл балет әйел табиғатын жан-жақты зерттейді деп санайды. «Олардың әрекетін болжау қиын, мінездері сан-қилы, ішкі болмысы да түрлі. Бұл қойылым дербестік туралы. Себебі «жолдан тайған» періште не істесе де өз еркі. Олар әлдебіреулердің сұранысын, олардың қалауын орындауға, соған сәйкес болуға міндетті емес. Меніңше, көрермен қауым да бишілерді өзге қырынан танып, көргеніне, осы арқылы қойылымды да бағалай алғанына іштей қуанып отырды», деді ол.

Айта кетейік, іс-шара Мәде­ниет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.