Шағын гранттарды жүзеге асырудың нәтижесінде ірі қалалар мен ауылдық жерлердің тұрғындары цифрлық, қаржылық, компьютерлік сауаттылық пен тілдерді меңгеру деңгейін ақысыз негізде арттыра алады, деп хабарлайды Egemen.kz Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республикада «Birgemiz Bilim» жалпыұлттық жобасы іске асырыла бастады. Оның негізгі мақсаты – волонтерлерді тарту арқылы тұрғындардың, оның ішінде ауылдық жерлердегі халықтың цифрлық, қаржылық, компьютерлік сауаттылығы мен тілдерді меңгеру деңгейін арттыру.
Жоба жетекшісі, «Жастар қызметкерлері қоғамдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айгүл Абдулинаның айтуынша, үш жылдық жоба аясында волонтерлік ұйымдар мен бастамашыл топтарға кем дегенде 90 шағын грант бөлінбек.
«2024 жылға дейін біз конкурстық негізде жыл сайын 30 шағын грантты жүзеге асыратын боламыз. Мөлшері кем дегенде 300 мың теңгені құрайтын гранттық қаражат білім беру саласындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды іске асыру мақсаттарына берілетін болады. Бұл шет тілін үйрену курстарын ұйымдастыру, сандық немесе қаржылық сауаттылықты арттыру сияқты жобалар болуы мүмкін. Шағын гранттарды жүзеге асырушылар өз көмегін тегін көрсететін болады», деді ол жобаны таныстыру барысында.
Бұдан бөлек, «Birgemiz Bilim» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында қазақстандықтардың білім беру саласында неге мұқтаж екендігі анықталып, олардың цифрлық, қаржылық, компьютерлік сауаттылығын арттыруға арналған оқытуды ұйымдастыру мақсатында волонтерлер даярланады. Сондай-ақ үш жылдың қорытындысы бойынша аналитикалық баяндама әзірленеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетсек, «Birgemiz Bilim» жобасы 2024 жылдың соңында аяқталмақ.