Икемге көнбейтін инфляция наурыз айында 8,7-ден 12 пайызға бір-ақ көтерілді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, әсіресе азық-түлік өнімдері 15,5 пайызға қымбаттаған (мұны енді дүкенге барған қарапайым тұрғындар да аңғара алады). Азық-түлік емес тауарлар инфляциясы 10,9 пайыз болды. Сәйкесінше, қызметтер 8,3 пайызға қымбаттаған. Сарапшылар «инфляцияның бұлай шарықтайтыны белгілі еді, импорттық тауарлар ағыны мен теңгенің күрт құнсыздануы осыған алып келді» дейді.
Инфляцияны тежеудегі біз қайта-қайта пайдаланып отырған құрал – базалық ставканы көтере түсу. Ұлттық банктің ақша-несие саясатын жүргізу комитеті наурызда базалық мөлшерлемені 13,5 пайыз деңгейінде қалдырған еді. Әрі қарай көтере беру де тиімсіз. Өйткені базалық мөлшерлемені арттыра беру банк несиелерінің де пайызын көтереді. Бұл өз кезегінде қарапайым халықтың несие жүктемесін ауырлатады, өтелмей жатқан берешек көлемін көбейтіп жіберуі ықтимал.
Телеграмдағы FINANCEkaz сарапшылары экономиканы жоғалтып алмас үшін инфляцияның 12 пайыздан асып кетпеуіне жол бермеу қажет деп санайды.
Tengenomika сарапшылары S&P агенттігінің Қазақстанның тәуелсіз рейтингін оң бағалауын инфляция деңгейімен байланыстыра пікір білдіреді. Аталған халықаралық агенттік Қазақстанның тәуелсіз несие рейтингін «ВВВ», яғни «Тұрақты» деп растаған болатын.
«Агенттіктің күтуінше жақын екі жылда күшті фискалды және сыртқы баланс, сондай-ақ мұнай мен алтынның жоғары бағасы Қазақстан экономикасына әсер етер сыртқы күйзелістерге тойтарыс беруге тиіс. Соның ішінде, Ресейдегі рецессияға да қарсы тұрар факторлар осы болмақ. Сонымен қатар Ресейдегі рецессияның таралу әсерлері Қазақстанның экономикалық өсіміне қысым жасайды, бюджеттік консолидация қарқынын бәсеңдетеді және макроэкономикалық тұрақтылыққа қысымды күшейтеді. Осы негізде агенттік Қазақстан ІЖӨ-сінің реалды өсім болжамын алдыңғы 3,6-дан осы жылы 2 пайызға дейін төмендетіп отыр. Өйткені экспорт қысқаруда, ал экономикалық белсенділік бәсеңдеп жатыр. Себебі Қазақстанның негізгі сауда серіктесі Ресейдің ІЖӨ-сі 6,2 пайызға дейін қысқарады деп болжануда. Алайда 2023 жылы біздегі ІЖӨ-нің реалды өсімі 3,5 пайызды құрауы мүмкін. Бұл ретте S&P 2022 жылы тұтынушылық инфляция деңгейі 9,5 пайызды құрайды деп болжайды. Сосын әрі қарай біртіндеп төмендей бермек. Бірақ наурыз айында қалыптасқан 12 пайыздық инфляцияны ескерер болсақ, агенттіктің болжамын әлдеқайда оптимистік деп бағалауға болады», дейді сарапшы.
Бір қызығы, бірер ай бұрын CFO Summit 2022 шарасында Centras Securities басқарма төрағасы Мұрат Акинов 2022 жылы инфляция 14-16 пайызды құрайды, ал базалық ставка 7 пайызға дейін төмендейді деп болжам айтқан еді.
«Ұлттық банк таргеті биыл инфляция бойынша 4-6 пайызды құрайды. Бірақ біз шын мәнінде ол 14-16 пайызға жетеді деп ойлаймыз. Ұлттық валюта девальвациясы да инфляция деңгейіне әсер етеді. Ал базалық ставканың өсуі экономикаға кері әсер етеді. Сондықтан ставка 7-9 пайызға дейін төмендейді деп күтеміз. Талдаушылардың айтуынша, экономиканы қолдау үшін мұндай қымбат ставканы ұзақ мерзім ұстап тұру мүмкін емес. Сонымен қатар мұндай жоғары деңгей жағдайында ақша нарығы белсенді бола түсіп, банктер несиелеудің орнына сол нарыққа бет бұра бастайды. Ал отандық өндірушілер үшін жақын арада несиелеу ставкасы төмендетіледі деп ойлаймыз. Сондай-ақ корпоративті секторда дефолт тәуекелін азайту үшін үлкен жұмыс жүргізіледі», деді М.Акинов.