Әлемдегі ең беделді ұйым – UFC-де өнер көрсетіп жүрген Шавқат Рахмонов жартылай орта салмақтағы үздіктер тізімінде тоғызыншы орында тұрған АҚШ-тың белді спортшысы Нил Мэгниді жекпе-жекке шақырды. Өзінің бұл мәлімдемесін ол Твиттерде жариялады.
27 жастағы Шавқат Ресейдің М-1 Global ұйымының чемпиондық белбеуін иеленгеннен кейін 2020 жылы UFC-ге ауысты. Сол кезден бері қандасымыз үш рет октагонға шығып, барлық бәсекеде айқын басымдық танытты. Атап айтсақ, бразилиялық Алекс Оливейра мен Мишель Празеристі «қылғындыру» әдісімен жеңді. Гайананың өкілі Карлстон Харристы айналып келіп теуіп, есеңгіретіп тастады. Жерге жығып алып, бас көтертпей төмпештегеннен кейін төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Осы жеңістерінің арқасында Рахмонов UFC рейтингінде 15-орынға көтерілді. Қазіргі кезде бұл – Қазақстанның спортшылары арасындағы ең үздік көрсеткіш.
Нил Мэгни 1987 жылдың 3 тамызында Нью-Йорктің Бруклин ауданында дүниеге келді. Ол кикбокс пен бразилиялық джиу-джитсуды жетік меңгерген. 2010 жылдан бері аралас жекпе-жекке ден қойды. Арада үш жыл өткенде Нил UFC-дің қырағы мамандарының назарына ілікті. Барлығы 34 рет жекпе-жекке шыққан америкалық спортшы 26 мәрте жеңіс тойын тойлады. 10 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Соңғы екі жыл аралығында Мэгни алты кездесу өткізді. Бұл ретте АҚШ-тың өкілі Майкл Кьезаға есе жіберсе, Ли Цзинлян, Тони Мартин, Робби Лоулер, Джефф Нил және Макс Гриффинді жеңді.
Егер екі тарап ортақ мәмілеге келсе, қазақ спортшысының аталған ұйымның рейтингінде алға өрлеуіне тамаша мүмкіндік туындайтыны сөзсіз. Өйткені Нил Мэгнидің UFC-де өзіндік беделі бар. Және де ол рейтингте жерлесімізден бірнеше саты жоғары тұр. Ал Шавқат Рахмонов сондай сақа спортшыны сан соқтыра алса, онда чемпиондық тұғырға да бір қадам жақындай түседі.