Қазақстанда кәсіпкерлерге қолдау көрсететін ерекше сайт ашылды. Ерекшелігі сол – платформада бір сайтта Ресей мен Белоруссияға экспорттауға және импорттауға тыйым салынған тауарлар мен санкциялық шектеулердің толық тізімі жинақталған. Сайттағы ақпараттар пайда болған жаңа деректер негізінде жаңартылып отырады.
«Ресей мен Беларусьқа бірқатар елдің санкция енгізуінен кейін кәсіпкерлер көптеген мәселеге тап болады. Мәселен, белгілі бір өнім немесе банкке санкция енгізілуі мүмкін бе және т.б. Бұл мәселе осы елдерге қазақстандық өнімдерді экспорттауда ғана емес, жалпы өзекті болып отыр. Біз бүкіл әлеммен еркін сауда жасаймыз, ал бірыңғай кедендік аймақ жағдайында тауарлар ағыны барынша жеңілдетілген. Сондай-ақ Қазақстан арқылы Ресей мен Беларуське бағытталған тауарлар көптеп келеді. Ендігі міндетіміз – реэкспорт қаупіне байланысты санкция салған елдердің «ерекше назарына» түсіп қалмау», деп жазды Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Осы орайда кәсіпкерлерге қолайлы болу үшін Премьер-Министр төрағалық ететін Жедел штаб бизнеске арналған «нұсқаулықты» құру туралы шешім қабылдаған. Ол бойынша sanction2022.kz/main сайты ашылып отыр. Бұл жерде елдердегі геосаяси тәуекелдердің жоғары екенін ескере отырып, Ресей нарығынан кетуге шешім қабылдаған халықаралық компаниялардың тізімі де жарияланған.
«Бұл компанияларды Қазақстанға тарту туралы мәселеге келсек, Қазақстанда бизнес ашу және жүргізу үшін жағдайлар посткеңестік кеңістіктегі ең қолайлылардың бірі болып саналады. Бұл өз кезегінде нақты секторда инвестициялардың өсуіне және жаңа өндірістердің ашылуына ықпал етеді. Ал бұл – Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан Қазақстанда өз өндірісін ашқысы келетін кез келген компания инвесторлар үшін қолжетімді жеңілдіктердің толық спектрін пайдалана алады», деп түсіндіреді Б.Сұлтанов.
Жаңа сайтта Ресей мен Беларуське қатысты салынған санкциялардың толық тізімі, ЕО, АҚШ және Ұлыбритания тарапынан салынған санкцияларға ұшыраған тауарлар тізімі, РФ-дан кетуге шешім қабылдаған халықаралық компаниялар мен АҚШ-тан Ресейге сәнді тауарларды экспорттауға салынған тыйымдар толығымен жария етілген.