Қазақстанда 95 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелердің бірі аз қамтылған отбасыларды қолдау. Біз ең төменгі күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бүгінде мұндай көмекті 95 мың отбасы алып отыр», деді Ералы Тоғжанов.
2020 жылы азаматтардың тілектерін ескере отырып, атаулы көмек тағайындау тетігі өзгертіліп, кірістер мен әлеуметтік төлемдердің 25 түрі алынып тасталғаны да айтылды. Көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартса, атаулы көмек 6 айға тоқтатылады.
«Бұл атаулы әлеуметтік көмекті масылдық көмекке айналдырудың алдын алуға бағытталған. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмекті басқа жәрдемақымен салыстыруға болмайды. Атаулы көмек жан-жақты тексерумен, табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ғана тағайындалатын мемлекеттік қолдау», деп толықтырды Ералы Тоғжанов.