Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Саяси тұғырнама, «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» және 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы секілді негізгі бағдарламалық құжаттарды қысқа мерзімде жаңарту жөніндегі жұмыс топтарымен жиналыс өткізді.
Асхат Оралов 1 наурызда өткен съезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны жаңғыртудың, оның ішінде негізгі бағдарламалық құжаттарды қайта қарау бойынша басымдықтарды белгілегенін атап өтті.
Осыған орай әрбір бағдарламалық құжат бойынша жеке жұмыс топтары құрылды. Партияның саяси тұғырнамасын жаңарту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болып Мәжіліс депутаты, Amanat фракциясының мүшесі Айдос Сарым тағайындалды. 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын жаңарту жөніндегі жұмыс тобына Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек жетекшілік етеді. Ал 2025 жылға дейінгі бағдарлама бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров болды.
Жұмыс топтарының құрамына Сенат пен Мәжіліс депутаттары, партия Саяси кеңесінің мүшелері, сарапшылар қоғамдастығының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, уәкілетті мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері енді.
«Партияның құндылықтары мен басымдықтары белгіленген саяси платформа 2013 жылы қабылданды. Жаңартылған құжатта қоғамда қалыптасып жатқан жаңа құндылықтарды айшықтап, азаматтардың өзгерістерге деген барлық сұраныстарын барынша ескеру қажет», деді партияның атқарушы хатшысы.
А.Оралов «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасында пандемия, қаңтардағы оқиғалар және геосаяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, тұжырымдамалық тәсілдерді мұқият пысықтау қажеттігін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы бойынша жұмыс тобының басты міндеті – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға, мемлекет пен қоғамды осы әлеуметтік зұлымдықпен күреске жұмылдыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу.
Өңірлік филиалдардан және партияның мәслихаттар мен Мәжілістегі депутаттық фракция мүшелерінен ұсыныстар жинау қысқа мерзімде ұйымдастырылады. Бағдарлама жобалары түрлі диалог алаңдарында, сараптамалық кездесулерде, оның ішінде онлайн-форматта да талқыланбақ.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров қазіргі таңда қоғамда өзгерістерге деген сұраныс та, тиісінше партияларға қойылатын талап-тілек те өте жоғары екенін атап өтті. «Әрине, өзгеріс қажет. Бірақ сабақтастық болуы керек. Сондықтан біз өткеннің жақсысын ала отырып, болашаққа қадам жасаймыз», деді Е.Сайыров. Кеңес барысында Айдос Сарым, Саясат Нұрбек және басқа да жұмыс топтарының мүшелері өз ойларын ортаға салды.